ШҚО-да кәсіптік білім тегін беріледі

Аймақ
27.10.2016, 21:52

c51e803f0146817bec76e2ca80aa6865_lШығыс Қазақстан облысы «Барлығына тегін кәсіби-техникалық білім беру» бағдарламасын жүзеге асыруды бастап кетті. Бұл туралы 24.kz хабарлайды. Өңір білім беру саласына инновациялар енгізу бойынша көш бастап тұр. Дуальды оқыту жүйесін алғашқылардың бірі болып, жүзеге асырған облыста биылдан бастап елімізде баламасы жоқ «Мектеп-Интернат-Колледж» жобасы қолға алынды. Өскемен политехникалық колледжі – оқушыларға орта білім берумен қатар кәсіби мамандыққа да баулитын бірден-бір оқу орны. Жаңа жүйемен оқытатындықтан, білімін осында ұштағысы келетіндердің қарасы қалың. Молдияр Оразғалиұлы – сұрыптаудан өткен 75 талапкердің бірі. Ол мүмкіндігі мол оқу орнына оңтүстіктен арнайы келіпті.

Молдияр Оразғалиұлы, колледж студенті: - Бұл колледжде мен тегін оқып қоймаймын, жатақханада тегін тұрамын. Мен сияқты көпбалалы отбасынан шыққандар үшін үлкен мүмкіндік. Өз мамандығым бойынша жұмыс игере аламын және де ҰБТ тапсырып, ЖОО-ға түсе аламын.

Мұндай мүмкіндік жұмыссыз жандарға да беріліп отыр. Сонымен қатар өңірдегі дуальды оқыту жүйесі де қарқынды дамып келеді.

Алла Нұрсейітова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: - Өңірде 41 оқу орны дуальдық білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Тағы 242 мекемемен байланыс орнаттық. 170-ке жуық мекеме біздің студенттерімізге кәсіптің қыр-сырына үйретіп жатыр. Бұл, өз кезегінде, студенттерге болашақ мамандығын терең меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.

Юрий Леушкин қазірдің өзінде өз ісіне әбден машықтанып алған. Әке жолын жалғастыруды ұйғарған ол болашақта білікті энергетик болуды армандайды.

Юрий Леушкин, колледж студенті: - Мен қазірдің өзінде қиын электр жүйелерін жөндей аламын. Энергетик мамандығы сұранысқа ие. Өйткені, қазір технологияның заманы.

Сарапшылар пікірінше, жұмысшы мамандығы қашан да сұранысқа ие. Мемлекеттің бұл саланы қаржыландыруға ден қоюы да сондықтан. Ал тегін кәсіби-техникалық білім – бұл барлығын жұмыспен қамтудың кепілі.

Сұхбат

PhotoRoom