Көп ұзамай көнерген автокөлік иелері ескі көлік өтемақы алатын болады. Мемлекет автокөлік иелері көліктерін қайта өңдеуге беретін бағдарламаны іске қосады, деп хабарлады ҚазАқпарат ustinka.kz порталына сілтеме жасап. Қолданыстан шығып қалған көліктер Қазақстанның 15 қаласында қабылданады. Жақын күндері мұндай бөлімше Өскемен қаласында да ашылады. «Қаңылтыр қоқыстарды» жинау алаңының нақты қай жерге орналасарын облыстық Экология департаменті де, Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да әзірге білмейді. Екі мекеме де ҚР Энергетика министрлігі бастама көтерген жаңа бағдарламаның әлі де нақтыланып жатқанын хабарлады. Десе де, өтемақы көлемі белгілі болды. Жыл аяғына дейін «Оператор РОП» ЖШС (автоқоқыстарды жинаумен айналысатын компания) қазақстандықтардан 10 мың жарамсыз көлік қабылдауды жоспарлап отыр. Оператордың хабарлауынша, ең алдымен жеңіл автокөліктер қабылданады. Өтемақы көлемі автокөліктің жиынтығына байланысты. Егер көліктің тек қана кузовы, есіктері, қозғалтқышы мен беріліс қорабы болса, қожайынына 48 мың теңге беріледі. Ал егер көлік жиынтығы одан бай болса, яғни капот, жүксалғыш қақпағы, радиатор, дөңгелектері, аккумулятор, бензин багы немесе газ ыдысы болса, қозғалыс құралы үшін 150 мың теңге алуға болады. Сонымен бірге, бір адамның бірнеше көлік өткізуіне болады, көліктің қанша уақыттан бері меншігінде болғаны маңызды емес.