ШҚО-ның өндіріс көлемі 260 есе өскен

Аймақ
29.10.2016, 19:33

15247f481bc21deb8a96b2b93479c676_lТәуелсіздік жылдары ішінде Шығыс Қазақстан облысының жалпы өндірісі 260 есе өсті. Өнеркәсіптік өнім көлемі 34,1 мың есеге артқан. Оның ішінде әсіресе кенді Алтайдағы тау-кен өнеркәсібінің даму қарқыны ерекше. Облыс аумағында бұрын-соңды болмаған жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, индустриялық бағдарламалар өз жемісін берді. 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Металлургия саласында ойып тұрып орын алған орталық. Машина құрастырудағы жетекші өлке. Асты-үсті қазынаға толы кенді аймақ. Бүгінгі Шығыс Қазақстан туралы ауыз толтырып айтар жетістіктерді тізбектеп тауыса алмаспыз. Индустрияландыру картасы жұмыс жасағалы бері облыста 236 млрд теңгенің 44 жобасы іске асты. Енді тағы 82 жоба енгізіліп отыр. Бұл бастамалар нәтижелі болса, 19 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Шығыс Қазақстанның мақтанышына айналған кәсіпорындардың бірі – «Азия Авто» зауыты. Осыдан 14 жыл бұрын ашылған кәсіпорында қазақстандық көліктің басым бөлігі шығарылады. Шығыс Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы төл туындысы «Азия Авто» зауытының ендігі көздеген межесі биік. Қазір алаңқайда «Азия Авто» Қазақстан толықкешенді зауытының құрылысы жүріп жатыр. 2018 жылы құрылысы аяқталатын кешенде жылына 120 мың дана автокөлік шығарылады, 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша еліміздегі ең ірі автокөлік құрастыру зауыты біздің өлкемізде бой көтереді. Осындай алпауыт зауыттарды былай қойғанда, шалғай аудандағы тәуекелшіл кәсіпкерлер де ауылшаруашылық техникасын құрастыруға кірісіп кеткен. Зайсан ауданындағы «Иртыш ТЗ» зауыты Қытаймен екі арадағы меморандум қолдауымен өткен жылы ашылды. Қазір сол елден әкелінген бөлшектерден шағын тракторлар құрастырылып, сатылымға шығарылуда. Алқапта жұмыс істеуге ыңғайлы, жөнделуі де құны әрі арзан.

Арман Тұрысбеков, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: - 800 мың теңге тұрады, арзан, әр қожалықтың күші жете бермейді үлкен трактор сатып алуға, бұл шағын тракторлар болған соң алқапты жерде жұмыс істеуге қолайлы.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыссыз отырған ауылдықтар үшін баға жетпес қолдау болды. 2011 жылдан бері өңірде 5 мыңнан астам шаруа қожалығы мен шағын фермалар ашылды. Осы жобаға белсене қатысқандардың бірі – шемонаихалық Елена Крючкова. Жеңілдетілген несиеге сүт тасымалдайтын көлік алған ол сүт жинап, оны өткізіп көп-көрім табыс табады.

Елена Крючкова, жеке кәсіпкер: - «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының тигізген көмегі ерекше. Өйткені сол арқылы біз жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ісімізді аштық. Мынадай салқындатқыш модуль де сатып алдық. Облыстағы медициналық қызмет сапасы жыл сайын жоғарылап келеді. Биыл денсаулық сақтау саласын дамытуға 246 мллрд теңге қаржы бөлінді. 50 жылдық еңбек өтілі бар облыстық аурухананың дәрігер-сарапшысы Татьяна Чуянова медицинаның бүгінгі әлеутіне таң қалады.

Татьяна Чуянова, облыстық аурухананың дәрігер-сарапшысы: - Бүгінгі технология адам танымастай өзгерген. Мен кезінде бұл жерге келген кезде жүрек ауруларын зерттеу, оған операция жасау деген нәрсе атымен жоқ болған. Енді, мінеки, кардиология бөлімі бөлек, жансақтау бөлімдері бөлек. Қолымызда сырқаттарды аман алып қалуға көп мүмкіндіктер бар. Табиғатына тіл жетпейтін Шығыс Қазақстанда кенжелетуге болмайтын салалардың бірі – туризм. Суы шипа Алакөл, майқан балығымен танымал Марқакөл, балы мен пантысы дертке дауа Қатонқарағай ұлттық паркін білмейтін адам жоқ. Жалпы, облыста табиғаты ерекше қорғаудағы ұлттық маңызға ие 24 аумақ бар. Қазір шығыстағы шоқтығы биік осы туристік бағыттардың жарнамасын күшейтіп, инфрақұрылымын мықтауға күш салынуда.

Сұхбат

PhotoRoom