Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында Индустриалды аймаққа инвесторлар тарту мәселесіне арналған жиын өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Аудан әкімі Мақсат Исаев индустриалды аймаққа инвестиция тарту мақсатында, кәсіпкерлермен кездесіп, осы саладағы түйткілді мәселелерді талқылады. Бүгінде ауданның Индустриалды аймағында осы күнге дейін жалпы құны 6,4 млрд. теңге құрайтын және 179 жұмыс орнының ашылуымен бес жоба жүзеге асырылу жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы құны 866,8 млн. теңгені құрайтын және 69 жұмыс орнының ашылуымен төрт жоба жүзеге асырылды. Жалпы, бүгінгі таңға аудан экономикасының дамуындағы шағын және орта бизнестің үлес салмағы жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта индустриалды аймақта «UKO-S Star» металл құрастыру зауыты», «Благо Лизинг НПЗ» ЖШС-і, «Дархан-АС» ӨК-нің, «Сырлы Созақ» ЖШС-і зауыттары белсенді жұмыс істеп келеді. Жиын барысында атқарылған істермен қатар, кәсіпкерлікті оңтайландыру жолдары, жоспарлар, ұсыныс-тілектер тыңдалды. Аудан басшысы жеке жұмыс бастаймын, кәсіп жасаймын дейтін әр азаматтың тілегі мен ұсынысы назардан тыс қалмайтынын айтып, әкімдік тарапынан заң шеңберінде тиісті көмектер көрсетілетінін жеткізді. Соңғы жылдары еліміз бойынша кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударылып келе жатқаны аудан, ауылдардағы ағайынның үмітін жағып отыр.