2016 жылғы 1 қазандағы статистикалық есеп бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында тiркелген шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 178,5 мың адамды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тауар өндiру, қызмет көрсету саласын қосқанда шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi алты айда 334,5 млрд. теңгенiң өнiмiн шығарып, пайда тапты. Облыс экономикасын өркендетуге 9 айда 240,8 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Осы инвестициялық қаржының негiзгi көлемi, яғни 160,4 млрд. теңге шағын кәсiпорындардың жұмысын жандандыруға бағытталды. Өңiрде 152,3 млрд. теңгенiң құрылыс жұмыстары жүргiзiлдi. Тұрғын үй құрылысын дамытуға 23 млрд. теңге инвестиция салынды. Тоғыз айда 385,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Салынған үйлер көлемi өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырған 110 пайызға өскен. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз аралығында облыстың сыртқы сауда айналымы 1 496,8 млн. АҚШ долларын құрады. Оның iшiнде экспорттың үлесi 788,5 млн. доллар болса, қалған 708,3 млн. доллар импорттың еншiсiнде. Жалпы, Оңтүстiк экономикасы шикiзатқа тәуелдi емес. Сондықтан шикiзат бағаларының құбылуы республиканың кейбiр өңiрлерi секiлдi оншалықты әсер ете қоймайды. Осының арқасында қаржылық қиындықтарға қарамастан өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы үздiксiз жалғасып келедi. Өйткенi, өңiрде шағын және орта кәсiпкерлер өте белсендi iс атқаруда және өңдеушi, жаңа тауар шығарушы кәсiпорындар саны жыл өткен сайын арта түсуде.