Көкірекбаев Жамбыл облыстық қазақ драма театрына шағын автобус сыйлады

Аймақ
07.11.2016, 01:55

20161106094707Жамбыл облыстық қазақ драма театры 80-жылдық мерейтойын атап өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай іс-шараларының шеңберінде «Ішкі театр фестивалі» өткізілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Театр ұжымы мен ардагерлерінің «Театр өткелі» атты театрландырылған композициялық қойылымы, аумақтық органдарының және әріптестерінің құттықтаулары бір жарқын мерекеге айналды. Театрдың 80 жылдық мерейтойына Қазақстанның халық артисі, профессор Е. Обаев, Өнертану ғылымының кандидаты, театр сыншысы Е. Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы Ә. Бөпежанова  және Қазақстан театрларының басшылары мен көркемдік жетекшілері қатысты. Мерейтой барысында арналып шығарылған «Бір сәт - бірегей ғұмыр» атты фотошежіре-кітап пен «Өнердастан» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді. Сондай ақ қонақтар театр музейімен таныстырылды. Бұл мерейтой - театрдың халыққа көрсетіп келе жатқан мәдени қызметіне есеп беруі іспетті аса маңызды мерекелік шара болды. Облыс әкімінің құрмет грамоталарымен ҚР Мәдениет қайраткері, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының І дәрежелі артисті Н. Салықова, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі М. Әлімбетова және облыс әкімінің алғыс хаттарымен ҚР Мәдениет қайраткері Н. Омарбекова, театр артисі М. Райсханова марапатталды. Сондай-ақ облыс басшылығы театр ұжымына «Mersedes Sprinter» автокөлігінің кілтін табыстады. Іс-шаралардың екінші күнінде фестиваль аясында қойылымдар өтті. Көрермендерге Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» символикалық драмасы, К.Қасеновтың «Рахмет, сізге» мультимедиясы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы, Қ.Ысқақпен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» - тарихи драмасы және Н.Оразалиннің «Қилы заман» - тарихи драмасы (М.Әуезовтің повесінің желісі бойынша) ұсынылды. Еске түсірсек, 1936 жылы Әулиеата өңірінде алғаш драма театры өзінің шымылдығын ашты. Тоғыз өнерпаздан тұратын өнерлі топ Б. Майлиннің «Келін мен шешей» атты комедиясын жұртшылыққа ұсынды. Сол топ, бүгінгі сексеннің сеңгіріне шыққан Жамбыл облыстық қазақ драма театрының негізін қалаушылары болып тарихта қалды. Олар: Ш.Сакиев, С.Үмбетбаев, С. Атамқұлов, Ж.Абызбаев, О.Тұрымқұлов, Т.Әлмұхамедов, Н.Майтанова, Г. Тұрымқұлова, М. Сәкиев, Т. Әбуов, М. Табанов еді. Соңғы жылдары облыстық өнер ұжымы бірнеше гастрөлдық турлар жасады, оның ішінде шетелдерде Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Украина және Ресей, Мысыр мен Польшада өткен халықаралық фестивальдерге қатысты.

Сұхбат

PhotoRoom