2017 жылы бізді не күтіп тұр?

Рейтинг
22.11.2016, 21:03

1469795678_2017Алматыда XXVIII қысқы Универсиада өтеді.

Астанада бүкіләлемдік Expo-2017 көрмесі өтеді.

Бұл 2017 жылғы ең маңызды шаралар. Екеуі де Қазақстан тарихында бірінші рет, сондықтан әсері де ерекше болуы тиіс. Кенесары Қасымұлының 215 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 120 жылдығы, мемлекеттік рәміздеріміздің де 25 жылдығы өз деңгейінде атап өтілуі тиіс.

Басқа не күтіп тұр?

Ертең, яғни 23 қараша күні Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы өтеді. Әдетте, жыл соңында қос палатаның басы қосылғанда Жолдау туралы айтатыны бар. Бұл жолы да солай болуы тиіс. Ал, Жолдауда не айтылады? Жолдауда бірінші кезекте Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы туралы ұзынсонар сөз болады. Экономикадағы, мәдениеттегі, рухани жетістіктеріміз хронологиялық тәртіппен тізбектеліп ұзағынан айтылады.

Басқа қандай қызық болуы мүмкін? Кейбір дереккөздер Жолдауда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдауға мораторий жариялануы мүмкін дейді. Бұл біздің тәжірибеде бірінші рет емес, сондықтан бәрі де мүмкін. Өйткені, осыдан бір ай бұрын Президент әкімшілігін басқаратын Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына көңілі толмайтынын, мемлекеттік қызметкерлердің 11 пайызы қалтқысыз, мінсіз жұмыс істейтінін, ал 63 пайызы — тиімді, тек 26 пайызының жұмысы қанағаттандырарлық екенін алға тартқан еді. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлердің 26 пайызы жұмыстан қысқарып жатса, еш таңғалудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте жүргендерге зейнеткерлік жасына байланысты шектеу болуы мүмкін деген астыртын ақпарат бар. Өздеріңізге мәлім, жыл басында Елбасы қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың пайғамбар жасқа толуымен құттықтап, мемлекеттік қызметтегі уақытын 2020 жылға дейін созды. Ондай әкімдердің арасында қазіргі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бар.  Олардың «саяси карьерасын» 2015 жылы созып берген еді. Енді, "ағаларының" артын бағып талай "інілері" жүр, сол себепті "қалағанымша әкім боламын" дейтіндердің арманына сызат түсуі мүмкін. Естуімізше, Елбасына дайындалған shortlist-те біраз адамның аты бар сияқты.

Досжан Мейірім.

Сұхбат

PhotoRoom