Қазақстан республикасында 1993 жылы жастардың білімін жетілдіріп, тәжірбиелі маман даярлау мақсатында Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы елімізде сәтті жүзеге асып келеді.
Бүгінгі таңда оңтүстік қазақстан облысында 12 болашақ түлегі мемлекеттік қызметте басшылық лауазымда еңбек етуде. Солардың бірқатары Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті.
Шетелде білім алып, бүгінде мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтар шәкірттер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. «Болашақ» бағдарламасының жай-жапсары, шетелде оқудың мүмкіндіктері жайлы сөз қозғап, оқушыларды шетелдік білім жүйесінің қыр-сырымен қанықтырды.
Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстанның кадрлар даярлауда әлемдік жүйеге табысты кірігуіне мүмкіндік берді. Ол құрылғалы бергі 23 жылда 9339 жоғары білікті маман даярланыпты. Дені инженерлер, ұстаздар мен дәрігерлер, мемлекеттік және шығармашылық сала өкілдері. Солардың 98 пайызы жұмысқа орналасқан. Биыл «Болашаққа» қабылдаудың талабы біршама өзгерді. Шетелде білім алатын оқу орнын таңдауға ерекше назар аударылып отыр. Алдағы жылы бұл бағдарламамен сот қызметкерлері және «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджерлері білім алатын болады.