Сапарбаев дән риза

Аймақ
14.08.2014, 13:48

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданында болып, егістік алқаптарының жай-күйімен танысып, жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен әңгімелесті.

Б.Сапарбаев жұмыс сапары барысында тамшылатып суғару әдісі бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірумен айланысатын «Семей» шаруа қожалығында болды. Облыс басшысымен кездесуге  ауданның шаруа қожалықтарыны, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары келді. Олар әкімге ағымдағы жұмыстар жайында есеп беріп, қол жеткізген жетістіктерін баяндады.

Бесқарағай ауданында 22,2 мың гектар алқаптан дәнді дақылдар жиналуы тиіс. Оның 10,07 мың гектарын бидай, 5,17 мың гектарын  арпа, 0,506 мың гектарын сұлы, 0,25 мың гектарын қарақұмық, 4,05 мың гектарын күнбағыс құрайды. Бұдан бөлек ағымдағы жылы 800 гектар алқаптан картоп, 473 гектардан көкөніс жиналады.

Аудандық ауыл шаруашылығы және  ветеринария бөлімінің ақпаратына қарағанда, бүгінде 3 мың гектар алқаптың дәнді дақылдары жиналып, 6,8 мың гектар алқаптың астығы бастырылды. Өнімділік гектарына орташа есеппен 22,8 центнерді құрайды.

Ауданда астық жинайтын 110 комбайн, 8 механикаландырылған қырман бар. Олардың барлығы да күзгі жиын-терімге 100 пайыз дайын. Күзгі жұмыстарға 700 тонна дизель отыны бөлінген.

Журналистермен әңгімелескен Б.Сапарбаев облыстағы егістік жинау науқанының аяқ алысын жоғары бағалайтындығын жеткізді. «Жанармай бар, егін жаман емес. Барлығын да төкпей-шашпай жинап алу керек. Қандай да бір табиғи тосын жайттар орын алмаса біз халықты азықтық астықпен де көкөністермен де қамтамасыз ететін боламыз», - деді облыс басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom