Әлемде жыл сайын түрлі жарақаттың салдарынан 5 млн-ға жуық адам қайтыс болады екен. Жазатайым жағдайларда болған жарақаттардың алдын-алу және азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында елімізде травматология саласында 2016-2020 жылдарға арналған жаңа жол картасы қабылданды.
Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде Тараз қалалық №1 ауруханасы «Жарақат» бөлімінің дәрігерлері арасында шеберлік сыныптары өтті. Оған Германияның Гессен қаласынан Шнетлер Рейнер және Ресей елінің дәрігері Денис Римашевский арнайы шақыртылды. Білікті мамандар әріптестеріне саладағы тың тәсілдерді жеткізіп, мамандар өзара тәжірибе алмасты. Айта кетсек, бұл бөлімге жылына 20 мыңға жуық науқас түседі. Мұнда оқыс жағдайға тап болған азаматтарға, дер кезінде көмектер көрсету және оталарды сәтті өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, бұрын омыртқасы сынған адам бірнеше айлап, аурухана төсегінде жатқан болса, бүгінде жаңа технологияның арқасында жарақаттан бірнеше күннен кейін-ақ айығып кетуге болады. Сонымен қатар қазір зақымданған буындарды алып тастап, оның орнына жасанды буын салу әдісі кеңінен қолданылуда. Ал, бүгінгі өткен іс-шара аясында мамандар жарақатты емдеудің әлем елдерінде енгізіліп жатқан жаңа түрлерімен танысып қана қоймай, операцияларды іс жүзінде де жүзеге асырып көрді.
Ерлан Төлеев, №1 қалалық аурухананың «Жарақат» бөлімінің меңгерушісі
Біз апатты жағдайда немесе, оқыс оқиғаларда жарақат алған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуіміз қажет. Шет елде қазір азаматтың жарақат алған жеріне қарамастан, алғашқы көмек көрсету жұмыстары 10 минут ішінде жүргізілу жүйесі енгізілген. Бізде осы жүйеге көшсек деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін біздің дәрігерлеріміз жыл сайын Астана қаласы мен шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттыру курсатарына қатысуда. Сонымен қатар біз аудандарды, мекемелерді аралап, тұрғындар арасында алғашқы көмек көрсету жолдарын кеңінен таныстырудамыз. Бүгінгі шеберлік сағатының бізге пайдасы көп деп білеміз.