2016 жыл: "Сайгездің" жыл қорытындылауы

Рейтинг
29.12.2016, 12:37

8Жылдың соңы. 2016 жыл саяси оқиғаларға, ауыс-түйіске «бай» жыл болды. Жер дауы бойынша төрт облыста митинг ұйымдастырылды. Ақтөбе мен Алматы қаласында теракт тіркелді. Билік транзиті туралы көп айтылды. Үкімет басшысы ауысты. Міне, осылай кете береді. Осыған байланысты «Сайгез» порталы да жылды қорытындылап, өз кезегінде ең-ең деген дүниелерге тоқталғалы отыр.

«ЖЫЛ ТАҒАЙЫНДАУЫ»

5

Әр жылдары өңірлік даму министрі, экономикалық даму және сауда министрі қызметтерінде болған, Павлодар облысының әкімі қызметін атқарған, 2014 жылдың 7 сәуірінен бастап ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Бақытжан Сағынтаев 2016 жылдың 9 қыркүйегінен бастап ҚР Президентінің жарлығымен ҚР премьер-министрі болып тағайындалды.

«СҮРІНГЕН МИНИСТР»

3

2016 жылдың 6 мамырында ҚР Ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаев тағайындалды. Қуандық Бишімбаев Қазақстандағы ең жас министр деген мәртебеге ие болды. Жер реформасын халыққа түсіндіру жұмыстарында олқылық жіберген Ерболат Досаевтың басшылығы орнын Қуандық Уәлиханұлына босатып бергенде, халық одан көп дүние күтті. Жас, іскер, өзін-өзі көрсететін үлкен мүмкіндік туды десті. Елбасы «Болашақ» түлектеріне үлкен сенім артады деген тіркестер жайлады.

Бірақ, Қуандық Уәлиханұлы туралы БАҚ беттерінде кәсібінен гөрі жеке басына қатысты көп сын жазылды. «Бір мезетте үш дипломды қайдан алды?» деген сұрақ сериялы мақалаларға ұласты. Экономика тақырыбында сарапшыларды кездесуге шақырып, өзі келмей қойды. Бұл қоғамда үлкен дау тудырды. БАҚ беттерінде шектен тыс көп шықты. Нәтижесі өздеріңіз көргендей. Бишімбаевтың министр ретіндегі карьерасы 8 айдан аспады. Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Қуандық Бишімбаевтың орнына Тимур Сүлейменов келсе, Ерлан Ыдырысовтың орнына Қайрат Әбдірахманов тағайындалды. Ақорданың сайтында «Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов басқа жұмысқа ауысуына байланысты» деген ақпарат жарияланса, Қуандық Уәлиханұлы туралы ауыз ашып ештеңе айтпады. Демек Ыдырысовты басқа қызмет күтіп тұр, ал Бишімбаевты ше?

«ЖЕҢІМПАЗ МИНИСТР»

4

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туралы биыл көп дау болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильм 552 жылдығына орай көрерменге жол тартпақ. Олимпиададан алтын арқалап қайтқанмен, кейбір споршыларымыз допинг дауына ілігіп, Илья Ильиннен бастап Олимпиада медальдарынан айрылды. Соңғы кездері бірнеше даулы істерде аты-жөні аталған министр де Арыстанбек еді. Біздің шенеуніктер көп жағдайда жемқорлықпен аты шығатын, ал Мәдениет және спорт министрі, соңғы кездері бірнеше азамат тарапынан жыныстық бопсалау мен жемқорлыққа қатысты айыпталды. Бірақ, бәрін жеңіп шықты. Еңлік Сыдықова сөзін қайтып алды, Тұңғышбай Жаманқұлов «Феникс» фильміне қатысты 5 миллион теңгені мойнына алды. Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты айыптау айтып, видео түсірген режиссер Талғат Жәнібековті сот кінәлі деп тауып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Елбасыдан мемлекеттік награда алып, «басы қатты істің аяғын тәтті» қып жылды қорытындылады.

«ҮЗДІК ӘКІМ»

2

Биыл нәтижелі жұмыс істеген әкімдер көп. Бұл қатарға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты қосуға болады. Нағыз шаруаның, істің адамы екенін көрсетті. Сондай-ақ, Астана халқының санын келе сап миллионға жеткізген, бюджетін бірден триллионға жеткізген Әсет Исекешев те әкімдік карьерасын позитивті нотада бастады. Бірақ, жылдың үздік әкімі деп Қырымбек Көшербаевты айтуға болады. Жер дауы кезінде Қызылорда қаласында өткен митингті ауыздықтай алмады демесеңіз, қалған тапсырмаларды артығымен орындады. Қызылордада инвесторларға оңтайлы климат жасап, қаншама жұмыс орындарын ашты. Әлеуметтік нысандар өте көп салынды. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде де алдына жан салған жоқ. 6 мыңнан астам адамға үй салып, жағдайын жасау үшін тегін жер телімдерін таратты. Байқоңырға байланысты көп мәселе көтеріп, ондағы әлеуметтік нысандарды Қазақстанның құзыретіне бағынышты етті. Сондай-ақ, осы атқарып отқан жұмыстардың бәрін өзі иемденбей, Елбасының «сындарлы саясаты» деп түсіндірді.

«ҮЗДІК МИНИСТР»

6

Әсет Исекшев Астана әкімі қызметіне жайғасқаннан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрі болып Жеңіс Қасымбек тағайындалды. Өте үлкен, салалық министрлік. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген сөз бар. Жеңіс Қасымбектің министр боуымен көптеген қуанышты хабар да келді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Инвестициялар жөніндегі комитеті Қазақстанға өз құрамына мүше болуға ұсыныс жасады. Бұл үлкен мәртебе болатын. Одан бөлек, Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің шешіміне сәйкес қазақстандық әуекомпаниялар Еурокомиссияның «қара тізімінен» ресми түрде шығарылды. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына сай Қазақстандағы көрсеткіш 65%-дан 74%-ға дейін артты. Қазақстандағы теміржол стансаларының атауын ұлттық сипатқа жақындату жұмыстарын бастап кетті. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңінде 90 стансаның атауын қазақшалап үлгерді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табатынын жеткізді. Жеңіс Қасымбек БАҚ беттерінде де орнымен көрініп, іскер министр деген репутация қалыптастырып үлгерді.

«ҮЗДІК СПОРТШЫ»

7

Шаршы алаңда әлі де тең қарсылас кезіктірмеген Геннадий Головкин де емес, Алматы төрінде жеңіске жеткен Қанат Ісләм да емес, Рио Олимпидасының алтынын алып, қабағы жарылса да жанкешті өнер көрсеткен Данияр Елеусінов те емес. Үздік спортшы – Дмитрий Баландин. Жүзуден тұңғыш рет Олимпиада алтынын алған Қазақстан спортшысы. Легионер де емес, Алматының тумасы. Қазақстан тек ауыр атлетика мен бокс державасы емес, ұрда-жық спорттан бөлек элиталық спорт түрлерінен де олжа сала алатынын дәлелдеген спортшы.

Досжан МЕЙІРІМ

 

Сұхбат

PhotoRoom