Шымкентте жаңа аудан ашылады. Бұл туралы облыстық мәслихатының кезектен тыс XXX сессиясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов хабарлады.
Депутаттар алдында 2014 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған өңір басшысы: «Ағымдағы жылдың алты айында облыстағы кәсіпорындарда 276 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы және өндірістің кеңеюі есебінен 5661 жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 2014 жылы 41 жобаны іске қосып, 3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда құны 5,4 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды. Биыл индустриалдық аймақта 15 жобаны іске қосу жоспарланған. Арнайы экономикалық аймақта 1 жоба іске қосылды. 6 жобаның құрылысы жүргізілуде», - деп атап өтті.
Сондай-ақ «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» 7439 кәсіпкерге көмек көрсеткен. Ағымдағы жылы типтік жоба бойынша барлық аудан, қалаларда кәсіпкерлік мектептердің құрылысы басталған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 50,7 млрд. теңгенің 93 жобасы мақұлданды, 578 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Алты айда өңірге 147,4 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштің бірі. Негізгі инвестициялық салымдарды шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 68 млрд. теңгені құрап, 40%-ға артқан.
Сонымен қатар жиын барысында облыс әкімі А.Мырзахметов Шымкент қаласын үшінші қалаға айналдыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары қабылданғанын және Мемлекет басшысының қолдауымен Шымкентте төртінші ауданның ашылатынын жеткізді, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.