Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру тетіктері мен жолдарын талқылау бойынша жиын өтті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген бағдарламаның мақсаты - халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып саналады. Бұл алдыңғы жылдары іске асырылып келген «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының жалғасы болып табылады.
Бағдарлама «Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету», «Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту», «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» сынды 3 бағыттан тұрады.
Мәжілісте бағдарламаның іске асуы бойынша мәлімдеме жасаған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Темірбаева аталған бағдарлама бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Жаңадан қабылданған бағдарламаның міндеттері мен бағыттарын халық арасында түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін салалық басқармалардың және қаржы институттарының өкілдері енгізілген екі жұмысшы топ құрылып, кестеге сай барлық аудан, қалаларда мәжіліс-семинарлар өтуде. Бүгінге дейін ұйымдастырылған түсіндіру шарасына 1200-ге жуық адам қамтылған»,-деді Ә.Темірбаева.
Оның айтуынша, 2017 жылы бағдарламаға республикалық бюджеттен 13,1 млрд. теңге бөлініп, оған 64,3 мың адамның қатысуы жоспарланған. Одан бөлек, бағдарлама шеңберінде беріліп келген шағын несиенің көлемі 3 млн. теңгеден 16 млн. теңгеге дейін ұлғайған. Бұл өзгерістер қарапайым халықтың табысын арттыруға үлкен септігін тигізетіні анық. Тек биылғы жылдың өзінде облыста 11 мыңнан астам азамат кәсіби оқумен қамтылуы көзделуде, оның 5 мыңға жуығын тегін кәсіби даярлаудан өткізу жоспарланған.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі бағдарламаны халыққа кеңінен түсіндіру қажеттігін айтып, жүйелі және кешенді жұмыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ, бағдарламамен бекітілген индикаторлардың орындалуы бойынша барлық деңгейдегі әкімдерінің жұмысы бағаланатынын және тұрғындардың жұмыспен қамтылып, табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның орындалуы үнемі бақылауда болатынын ескертті.
Айта кетейік, бағдарламаның бюджеттік әкімшілері ретінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм, ауыл шаруашылығы басқармалары болып белгіленген.