Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Майра Айсина Премьер-Министр К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.Бұл сауалда дәл қазір күйіп тұрған оқулықтар мәселесі сөз болды.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 27-бабының ережесіне сәйкес Сізге депутаттық сауал жолдап отырмыз.
Мемлекеттің білім жүйесін дамыту саласындағы мақсатты бағытталған саясаты нәтижесінде балаларға арналған білім беру қызметтеріне мүмкіншіліктерді қамтамасыз етуде белгілі табыстарға қол жеткізіліп, оқу орындарын материалдық қамтамасыз ету анағұрлым жақсарды.
Сонымен қатар, еліміздің мектептерінде әрбір жаңа оқу жылы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің (бұдан әрі - ОӘК) тапшылығымен басталады.
Жыл сайын оқу әдебиетін сатып алуға бюджеттен қомақты сомалар бөлінеді. Мәселен, үстіміздегі оқу жылына мектеп оқушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 8 млрд. 604 млн. 598 теңге бөлінген, оған 11 млн. 470 мың 064 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенге тапсырыс берілген.
Бірақ депутаттардың өңірлерде халықпен кездесулерінде, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жариялымдарда балалардың оқу әдебиетімен тек қана тегін емес, сондай-ақ ақылы түрде толық және уақтылы қамтамасыз етілмеуі мәселесі үнемі көтеріліп тұрады. Осының салдарынан базарларда оқулықтардың көшірмелері пайда болған, олардың бағасы түпнұсқалардан төмен және сапасы нашар. Оқушылардың ата-аналары мектептерге оқулықтардың бар жоғы 5-6 жиынтығы келіп түсетінін айтады.
Сонымен қатар қорландыру үдерісі түсініксіз және ашық емес күйінде қалуда. Ең алдымен мектеп кітапханаларында балалардың кітаптарды жеңілдікпен алатын санаты тегін оқулықтармен қамтылса, қалған оқушылар мүмкіндігінше қамтамасыз етіледі. Ата-аналар кітапханалардағы жеткіліксіз кітаптардың жартысын кітап дүкендерінен сатып алады. Бұл ретте олар қажетті оқулықтарды сатып алу проблемасына тап болады.
Оқулықтарды сатып алу көлемдерін жоспарлау қағидаттарының, оқулықтарды қорландыру, қолда бар кітаптарды қайта бөлу тетіктерінің, оқулықтарды кітапханалар мен кітап дүкендеріне жеткізу кестелерінің барабарлығы және негізділігі бойынша заңды түрде сұрақтар туындайды. Сонымен бірге жоспарлау кезінде көші-қон үдерістерін болжау есебінің нашарлығы байқалады.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты облыстар бөлінісінде соңғы 3 жыл ішіндегі динамикада мыналар бойынша:
- оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді басып шығаруға және сатып алуға бөлінетін қаражат көлемі;
- 1-11 сынып-кешендер саны, оқушылардың оқу әдебиетімен (оның ішінде ағымдағы оқу жылында пайдалану үшін мектеп қорларынан ауысатын және қорландыру цикліне сәйкес қайта басып шығарылған, сондай-ақ жаңадан басып шығарылған оқулықтармен) нақты қамтамасыз етілуі;
- оқу әдебиетін өңірлерге тасымалдау, оларды мектептерге жеткізу тетігі туралы толыққанды ақпарат беруді сұраймыз.