Әкім орынбасарларына не болған?

Аймақ
09.09.2014, 11:29

Сарыағаш аудандық сотының 2014 жылғы 8 қыркүйектегі үкімімен мемлекеттiк функцияларды атқаруға уәкiлеттi адам бола тұра өз қызмет бабын пайдаланумен ұштасқан алаяқтық жасауға оқталғаны үшін аудан әкімінің орынбасары лауазымын атқарған С.А. есімді азамат кінәлі деп танылды.

Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 24-бабының 3-бөлігі - 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағы бойынша айып тағылып, 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеумен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленіп, бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қамауда қалдырылды.

Сотталушы С.А. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Ол өз қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып, арызданушы Е.У-дің сеніміне қиянат жасау арқылы, Қ.Қ-ның атына Жүзімдік ауылдық округінің Сәтбаев елді мекенінен ұзақ мерзімге пайдалануға 14 гектар жайылым жерді беруге шешім шығарып беремін деп соңғы аталған азаматтан 5 000 АҚШ доллары көлемінде қаражат талап еткен. Алайда бөгденің мүлкін алаяқтық жолмен иемденуге бағытталған іс-әрекеті оның өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмей, бұл азамат құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен құрықталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарланған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ресми сайтында.

         Кеше Қостанай облысы Қамысты ауданы әкімінің орынбасары  Дәулетбай Күлманов Астана мейрамханаларының бірінде бақандай  1,4 миллион теңге жұмсағаны белгілі болған еді. Мемлекеттік қызметкер Астанадағы мейрамханаға екі рет барған. 8 қыркүйекте аудан әкімі Жаңабай Бисимбаев орынбасарын жұмыстан шығару туралы бұйрық шығарды.

Өзінің қызметін асыра пайдаланғаны үшін және "Қамысты аудандық мәдениет үйіне" тиесілі қаржыны өз пайдасына жұмсағаны үшін қаржы полициясы әкімнің орынбасарына тергеу жүргізді. Алайда қылмыстық іс қозғалған жоқ. Құқық қорғау органдарының дерегіне қарағанда, шенеуніктің мейрамханаға жұмсаған қаржысы Қамысты мәдениет үйінің есеп шотына 2013 жылдың 11 қазанында аударылған. Қостанай облысының мәдени күндеріне орай аталған аудан Астанда өтетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысуға бару үшін үш миллион теңге бөлінген болатын.  Осы ақшаны Күлманов касса арқылы алған. Осыдан кейін ол Қамысты ауданының әкімімен бірге елордаға барып 15 қазаннан 20 қазанға дейін сол жақта болды.

Іссапардан келген соң Күлманов кассаға 1 130 000 теңге қайтарып береді және мейрамханадан 865 мың теңгеге тамақтанғанын айғақтайтын счет-фактура әкелген. Одан кейін әкімнің орынбасары "Чаури" ЖШС-ға қарасты мейрамханадан 1 022 000 теңгенің құжатын әкеледі. Кейін белгілі болғандай мейрамхана әкімнің орынбасарына 522 мыңға қызмет көрсеткен екен. Ал 1 022 000 теңгенің түбіртегі қолдан жасалған. Сонымен Күлмановтың Астана мейрамханаларынан тамақтануға жұмсаған ақшасының жалпы сомасы 1,387 миллион теңге, қалған 483 мыңның қайда кеткенін ол есептеп бере алмады.

Күлманов мейрамханаларға осыншалықты көп қаржы жұмсағаны үшін жауапқа тартылмайтын болды. Себебі, бұл ақша оған сеніп тапсырылмаған. Сондықтан қаржы полициясы тексеріс қорытындыларын ауданның тәртіп кеңесіне жіберді. Кеңестің отырысына шенеунік қанша мәрте шақырылғанмен бірде бір рет бармаған. Өйткені осы жылдың мамыр айынан бастап 12 тамызға дейін Күлманов денсаулығына байланысты 9 рет демалыс алыпты. 

Сұхбат

PhotoRoom