Қарағанды облысының әкім орынбасары ауысты

Аймақ
12.09.2014, 11:46

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков актив жиынын өткізіп, кадрлық ауыс-түйіс туралы айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен. 

«Жанар Бекбанова өз өтініші бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің Өкімімен бұл қызметке Әбішев Жандос Ақылсерікұлы тағайындалды. Ол облыстағы әлеуметтік сала және ішкі саясат, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбекпен қамтылуы мәселелеріне жауапты болады», делінген хабарламада.

Әбішев Жандос Ақылсерікұлы 1973 жылы туған. Үш жоғары білімі бар. Қарағанды педагогикалық институтын, «Фемида» заң институтын, Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы - дене тәрбиесінің мұғалімі, заңгер, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 1994 жылы Қазақ тұтыну одағы институтының дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 1998 жылдан мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысы бойынша ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының аға маманы, кейін бас маманы болған.

2000-2005 жылдар аралығында облыстағы соттар әкімшілігінде түрлі басқарушылық қызметтер атқарған. 2005-2012 жылдар аралығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментін, кейін басқармасын басқарды. 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының инспекторы болып қызмет етті. 2013 жылдың тамызынан жаңа тағайындауға дейін Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болды.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «10 жыл Астана» мерейтойлық медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хатымен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен, Қарағанды облысы әкімінің құттықтау хатымен марапатталған.

Сұхбат

PhotoRoom