Шымкентте алғаш рет... Той көрмесі

Аймақ
30.04.2017, 18:43

Қазақ үшін тойдың мән-маңызы айрықша. Ұлан-асыр той жасау халқымыздың қағидасы іспетті. Әсіресе,  бүгінде той бизнесінің орны ерекше. Шымкентте өткен «Той эксклюзив-2017» көрмесі соның бір дәлеліндей. Алғаш рет ұйымдастырылған шарада тойға барлық қажетті толық қамтылды.

toi kormesi

Көрмеге өңірден 20-дан астам той салоны мен той-думан ұйымдастыру орталықтары қатысты. Келушілер назарына қатысушылар өз өнімдері мен қызмет түрлерін ұсынды. Мұнда қоржын, кәде сыйлар, тойбастардың сан алуан түрі бар. Қыз жасауына, тойға арналған ою-өрнектермен әшекейленген заманауи дүниелер көз жауын алады. Сондай-ақ кәде сыйлардың жас қыздар мен бойжеткендерге үлгілері тіптен өзгеше. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды Эльмира Дайрабекова өз қолымен жасаған.

– Алғашқы кезде анамыз екеуміз дайындадық. Біздің өңірде той көп. Кейде түскен тапсырыстарға үлгермей қалатынбыз. Алдағы уақытта «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсібімді ұлғайтамын,-дейді Э. Дайрабекова.

Көрмені тамашалаушылар таңданыстарын жасыра алмады. Тіпті ұлттық кәдесыйларға қызығушылығы жоғары болды.

– Жалпы барлық қолөнер еңбектерінің бәрі әдемі. Жаманы жоқ. Қазіргі заман талабына сай жасалған. Әсіресе қыз жасауының бұйымдары үлкен сұранысқа ие, – дейді қала тұрғыны А. Байжігітова.

Көрмеде той-думандар мен мерекелі кештерге киетін киімдер де ұсынылды. Сәнгерлер оларды заманға сай пішіп тіккен. Ұйымдастырушы Азамат Айтбаевтың айтуынша, шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сұхбат

PhotoRoom