Шымкент қаласында қылмыстық құқықбұзушылық дерегі 7,4 пайызға төмендеген.
Шымкент қаласында өткен жылы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық дерегі алдыңғы мерзімдермен салыстырғанда 7,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде, әсіресе, аса ауыр және ауыр қылмыстар саны едәуір азайып отыр.
Елімізде құрылғанына 1 жыл толған жергілікті полиция қызметі қазіргі таңда өткен мерзімді саралап, алдағы міндет-жоспарларын бағамдау үшін жергілікті тұрғындар алдында есеп беруде. Яғни, сала мамандарына тұрғындар алдында жылына 2 мәрте есепті кездесу өткізу жүктелген.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейрханның есепті кездесуіне қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сала басшысының айтуынша, қала аумағындағы құқықтық тәртіпті сақтауға және нығайтуға бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Жыл уақыт мерзімінде, құқыққорғаушылар түрлі бағыттағы 87 рейдтік шарасын ұйымдастырған. Өткен кезеңдермен салыстыра алғанда, кісі өлімі – 8,8 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 6,5, зорлау – 48, қарақшылық – 30, бұзақылық деректері 24,5 пайызға төмендепті. Дегенмен, сала басшысы азаматтардың мас халде жасаған қылмыстарының саны едәуір артып отырғанын да атап өтіп, қынжылыс білдірді.
Қазіргі таңда тіркелген жалпы қылмыстардың жартысынан көбін мүліктік қылмыстар, оның ішінде, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері құрауда. Бұл ретте, әрбір төртінші ұрлық ұялы телефонға қатысты болып отыр. Дегенмен, деректерді ашу көрсеткіші 56,7 пайызға жақсарғанын да баса айтқым келеді, – деді Данияр Мейрхан.