Шымкентте күніне 300 жүк вагонды булап, тазалайтын 3 үлкен қазандық іске қосылды. «Қазығұрт-Юг» мекемесіне тиесілі қазандықтар сағатына 24 тонна бу өндіре алады. Бұрын қажетті буды «3-ші жылу Энерго-орталығынан» алып жүрген мекеме енді бұл тәуелділіктен құтылып отыр.
«Қазығұрт-Юг» мекемесі 1985 жылдан бері вагондарды булау арқылы тазалау жұмыстарымен айналысады. Тоқырау жылдарының өзінде мұндағы жұмысшылар саны қысқарған жоқ. Себебі, мұнай өнімдерін тасымалдаушы вагондарды күтіп ұстау үздіксіз қызметті қажет етеді. Қазақстан темір жолы құрамындағы мекеме 2014 жылдан бері Петролеум компаниясының меншігінде.
Ержан Құрманбеков - «ҚАЗЫҒҰРТ-ЮГ» ЖШС-нің директоры
Біз дағдарыс кезінде де жұмыс орнын қысқартқан жоқпыз. Себебі мұнай өнімдерін шет елге экспорттау арқылы елдің еңсесін тіктеп отырған Елбасымыз бұл саланы дамытуға басымдық беруде.
Аталған қазандықтар мұнай өнімдері қалдықтарын сыртқа шығаруға арналған науалармен және басқа да құралдармен жабдықталған. Тұндырғыдағы ұяшықтар үнемі тексеріліп отырады. Цех технологы Мерген Көшкінбаевтың айтуынша, қазандықтар 1 ай бойы тексеруден өткен. Ешқандай ақау анықталмаған.
Мерген Көшкінбаев - Инженер-технолог
Бүгінгі ашылу салтанатына арнайы комиссия қатысып, қазандықтардың сапасына жоғары баға берді. Енді мамандар алаңсыз жұмыс жасайтын болады.
«Қазығұрт - Юг» мекемесінде цистерналардың тазалығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін 165 қызметкер бар. Жаңа цех ашылғалы, тағы 20 азамат екі қолға бір күрек тапты. 1 айда 4 мың жүк вагонын жуып үлгеретін мекеме енді бұл көрсеткішті 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр.