Шымкенттік оқушылар бұдан былай мектепке электронды жүйе арқылы қабылданады. Ата-ана қалаған білім ұясын таңдап, ғаламтор арқылы үйінде отырып-ақ, немесе ұялы телефоны арқылы да тапсырыс бере алады. Бұл туралы 24.kz хабарлайды. Интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ жандар үшін мектептерде арнайы қабылдау орталықтары бар. Қалалық білім бөліміндегілер жаңа бағдарламаны 8 айда жасап шығыпты. Алдымен орталықтағы барлық мектептің тізімі жасалып, білім деңгейі сараланған. Сосын ондағы сабақ беретін ұстаздар туралы толыққанды мәлімет жазылған. Мектептің материалдық-техникалық базасына дейін көрсетілген. Таңдау ата-ананың өз еркінде. «Бұл ортақ ақпаратты жүйелеп, білім ұяларындағы оқушылардың тепе-теңдігін сақтауға және тамыр-таныстыққа жол бермейді», – дейді мамандар. Қабылдау 1 маусымнан бастап 30 тамызға дейін жүргізіледі. Жанат Тәжиева, қалалық білім бөлімінің басшысы: – Нәтижесінде біз Шымкент қаласының орталығындағы сұранысқа ие немесе білім сапасы жағынан жоғары мектептерге оқушыларды бірінің үстіне бірін тыға беру сияқты мәселеден арыламыз. Артық бала қабылдауға шектеу қойылатын болады.