Шымкент еліміздегі үшінші мегаполиске айналуы тиіс. Қазір қалада жұмыс қызған. Жыл соңына дейін аумағы 420 гектар жердің инфрақұрылымы қалыптасып, жаңа тұрғын аудан бой көтереді. Бүгін елордада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баспасөз мәслихатын өткізіп, алда атқарылуы тиіс маңызды міндеттерді атады. Еңбекқор оңтүстікқазақстандық шаруалар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып келеді. Республика бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайызы осы өңірге тиесілі. Әсіресе мақта, жеміс және көкөніс өсіру көрсеткіші көш ілгері. Ал құс еті ел нарығын қамтып, Ресей мен Қырғызстанға экспортталады.
Мұрат Тағаев, құс фабрикасының бас директоры: - 4 айда біз 4 мың тоннадан астам құс етін өндірдік. Серіктестігімізде 400-ден астам ауыл тұрғындары қызмет істейді. Тұрғылықты жұмыс орнымен қамтылған. Облыста атқарылып жатқан іргелі істер мұнымен шектелмейді.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Себебі осыдан біршама уақыт бұрын іске қосылған кейбір кәсіпорындар жұмысы тоқтап қалған. Дегенмен, облыс трансформатор, цемент, алюминий, дәрі-дәрмек және мотор майларын экспорттау мүмкіндігін молайта түсті.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі: - Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 37 млрд теңгеге 17 жобаны іске қосу, 900-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Республика бойынша өндірілген мақта талшығының, иілме жіптің, кілем бұйымдарының, керама-гранит тақтайшалар өнімдерінің 100 пайызы бізге тиесілі.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысы аяқталып қалды. Бұл міндет толық іске асса, оңтүстік өңір жылына 6 миллион тонна жанар-жағармай өндіреді. Айта кетейік, аймақта тарихи-мәдени ескерткіш жетерлік. Ұлттық құндылықтарымызға сай бой көтеріп, атадан балаға мұра болған талай құнды қазына қаз қалпында сақтаулы тұр. Сондықтан төл тарихымызды дәріптеуге арналған жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі: - Біздің мультфильм студиямыз қазақ елі анимациялық фильмін жасап шығарған болатын.Сондықтан олармен тығыз жұмыс істей отырып, Отырар, Түркістан, Қазығұрт сияқты киелі жерлерге байланысты арнайы тапсырыстар бердік.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты баяндаған Жансейіт Түймебаев «Шымкент сити» жобасы қолға алынғанын жеткізді. Оның аясында қалада инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылып, 420 гектар аумақта жаңа тұрғын аудан бой көтереді деген жоспар бар.
Ақпарат көзі: 24.kz