Шымкентте Ташкент қаласының тауар өндірушілер көрмесі өтіп жатыр. Бұл екі ел арасындағы алғашқы жәрмеңке. Оған Өзбекстанның бас қаласындағы ең ірі деген 230-ға жуық кәсіпорын қатысып, өздері шығарып жатқан мыңнан астам тауар түрін ұсынды. Онда тамақ өнеркәсібінен бастап тоқыма, құрылыс, машина жасау мен химия және фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз, кәдесыйлар мен спорттық тауарлар және ойыншыққа дейін бар.
Бүгінде Қазақстан Өзбекстанға мұнай өнімдері мен темір, азық-түлік пен трансформатор және дәрі-дәрмек жөнелтеді. Ал ол жақтан жеміс-жидек пен көкөніс, мақта талшығы мен тоқыма бұйымдары импортталады. Жыл басынан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард АҚШ долларын құраған. Оның 30 пайыздан астамы оңтүстіктің еншісіне тиесілі. Өзбекстандық тауар өндірушілер бірлескен кәсіпорын ашуға ниетті. Жобаларға өңірдегі индустриалды аймақтардан жер беру мәселесі де қаралды. Екі ел арасындағы байырғы заманнан келе жатқан достық пен сауда-саттық одан әрі нығая бермек.
Ольга Ларина, Ташкент қалалық өндірісті дамыту басқармасының бөлім басшысы: - Ташкент қаласының ішкі сауда айналымында қазақстандық тауарлардың үлес салмағы 7 пайызға жетті. Бұл тек бірінші тоқсан қорытындысы. Ол өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Бүгінгі көрме екі ел арасындағы байырғы байланысты одан әрі жақсартады деген ойдамын.
Хикматилла Раимбеков, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы: - Өзбекстанмен бірлесе машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сол бастамалар іске асса, екі ел ортасындағы қарым-қатынас пен тауар айналымы бұдан да ұлғаяды деген сенім бар.