Екі күннен соң еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау соғылады. Соңғы қоңырау сыңғырымен биыл қала бойынша жалпы орта мектепті 7431 оқушы бітіргелі отыр. Оның 5059-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда мың оқушыға артық. Қанат қаққалы отырған түлектердің қатарында 254 оқушы – «Алтын белгіге» және 173-і – ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.
Үлкен өмірге жол алғалы отырған шәкірттер үшін әрине бұл күн үлкен қуаныш. Бірақ оны ырду-дырду думанға айналдырудың қажеті жоқ. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жақында өткен әкімдік мәжілісінде 25 мамыр күні оқушылардың көлік шеруіне тиым салынатындығын мәлімдеп, мектептердегі ата-аналар комитетіне оқушылармен түсінік жүргізуді, ішкі істер қызметкерлеріне рейд жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ кафе, барларда бақылау күшейтіледі. Мұның барлығы жеткіншектердің қауіпсіздігін ойлаудан туған шара.
Шын мәнінде бұл кезең той тойлайтын емес, болашаққа қадам басуда ой ойлайтын жауапты кезең.