Шымкентте дауларды медиация тәртібімен реттеу бағытында пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Еңбекші ауданы әкімдігінде өткен кездесуде айтылды.
Аталмыш жоба Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің биылғы 26 қаңтардағы өкімімен бекітіліп, жүзеге асыру мерзімі ақпан-шілде айларына белгіленген болатын.
Дамыған, өркениетті елдерде азаматтық істердің 30 пайызы медиаторлардың көмегімен реттеледі. Бұл қос тарапқа қолайлы. Өкінішке орай, бітімгершілікке бастайтын пилоттық жобаның өңірімізде жүзеге асу көрсеткіші аз. Еңбекші аудандық сотында небәрі 100 істің 6-ы медиация жолымен шешілген. Бұл туралы "Шымкент келбеті" газеті жазады.
Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 24 кәсіпқой емес медиатор бар. Бірақ дау-жанжалды сотқа жеткізбей шешу өз деңгейінде орындалмай келеді.
– Соңғы уақытта тұрғындардың міндетті төлемдерге қатысты мәселелері көбейген. Бірі салық төлемейді, бірі тұтынған коммуналдық қызметтің ақысынан жалтарады. Соның салдарынан сотқа арызданушылардың қатары көбейіп отыр,-дейді Еңбекші аудандық сотының төрағасы Н. Жамашов.
Сондай-ақ кездесуде аудандық соттың төрағасы медиацияның мүдделі емес тараптардың қатысуымен дауларды реттеудің бейтарап, әділ түрі екендігін, оның қазақ тарихындағы билер сотына ұқсастығын айтып, пилоттық жобаны жүзеге асырудың маңызы зор екендігін жеткізді. Ең бастысы, ол қоғамдағы дау, жанжалдардың мәміле жолымен реттеліп, барынша азаюына септеседі.