Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 - Жаһанның жаңалығы» атты мәдени шара өтті.
Шым қаланың орталық саябағында өткен шара «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қолдау көрсету және насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қала тұрғындары мен қонақтары облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының 70-ке жуық қызметкерінің интермедиялық әзілдері мен әсем әуендерін тыңдап,"Мәңгілік ел" флеш-мобын тамашалады. Серуенге шыққан қала тұрғындары халықаралық көрме жайында ақпараттық танымын кеңейтті.
Айта кетейік, 2017 жылдың басты шарасына әзіл-сықақ театрынан 70-ке жуық әртіс барады деп күтілуде. Олар Астана төрінде тамыздың 29-ынан бастап, қыркүйектің 5-іне дейін өнер көрсетеді. Көрмеге келген қонақтарға айрықша серпіліс сыйлау үшін өнерпаздар дайындығын пысықтап жатыр.