Бүгін Шымкент қаласындағы 7431 мектеп түлегі үшін «соңғы қоңырау» соғылды. Бұл қатарда А. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының бітіруші-түлектерінің салтанатты жиынына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысты.
Айта кетейік, аталмыш мектеп оқушылары ҰБТ қорытындысы бойынша бірнеше жылдар бойы қаладағы үздік мектептер қатарында келеді. Осы орайда, облыс әкімі оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналар қауымын кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
– Ел болашағы жастардың қолында. Елімізде қазіргі таңда балаларымыздың сапалы әрі заманға лайықты білім алуына қажетті барлық жағдайлар жасалған. Жыл өткен сайын білім саласын жақсартуға бағытталған жұмыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Биыл облыстағы білім саласын дамытуға бюджеттен 44 миллиард теңге қаржы бөлінген. Яғни, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Өткен жылы 6 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 жаңа, 3 қосымша ғимарат тапсырылады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мектеп бітірушілер 29 мамыр – 9 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан өтсе, 20 маусым – 1 шілде аралығында ҰБТ тапсыратын болады.