Шымкент қаласында көздері нашар көретін зағип жандарды қолдау мақсатында дыбысты бағдаршамдар орнатылып жатыр. Қазіргі таңда шаһардағы 20 жол қиылысында 40 дыбысты бағыттағыш іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Бұл бағдаршамдарның ерекшелігі сол - қай көшенің қилысында тұрғаныңызды және жүруге неше уақыт қалғанын еске салып тұрады. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірде мүмкіндігі шектеулі 109 мыңнан астам тұрғын бар. Оның жартысына жуығы - зағип жандар. Осындай бағдаршамдарды алдағы уақытта қаланың өзге де көшелеріне орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл 17 бағдаршам, 10 ақпараттық-көрсеткіш белгілері, 1600 катафот және 30 жарық шамы бар белсенді жол белгісі орнатылмақ. «Биыл қала аумағында алғаш рет пилоттық жоба ретінде жарық шамы бар белсенді жол белгілерін орнатып жатырмыз. Оның ерекшелігі сол - жүргіншілер өткеліне қойылған жарық шамдарға қаратып, бағана шамдары орнатылады. Яғни, кеш қарайған сәттен бастап, жарықтың өзара шағылысуының нәтижесінде, жаяу жүргіншілер өткелі алыс қашықтықтан байқалып тұрады. Бұл жоба әсіресе, жарық мөлшері жеткіліксіз қаланың шет көшелерінде жүзеге асырылмақ», - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев. Айта кетейік, қала бойынша бүгінде 167 бағдаршам, 7 мыңнан астам жол белгісі бар. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша биыл қала бюджетінен тағы 456 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр.