Көпшіліктің бірі атасының, енді бірі бауырының, кейбірі соғыста із-түзсіз кеткен туыстарының басына гүл шоқтарын қойды. Мәңгілік алауға өңірдегі көзі тірі қалған қарт жауынгерлер де келді. Дүйім жұрт Отан үшін опат болғандарды бір сәт үнсіздікпен еске алып, олардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа дәріптеді. Бұл туралы 24 kz жазады.
Қанат Жүнісбеков, тілші: -Қырықыншы жылдардағы қырғынды өз көзімен көрген 233 ардагердің көзі тірі. Бір өкініштісі Жеңіс туын майдан даласында желбіреткен батырларымыздың қатары күн өткен сайын сиреп барады. Үлкенін құрметтей білетін еркін елдің азаматтары «Даңқ» мемориалындағы батырлар рухына тағзым жасады. Мыңдаған қала тұрғындары мен ардагерлер кешендегі Мәңгілік алауға гүл қойып, қарулас достарын бір сәт үнсіздікпен еске алды. Ұлы Отан соғысы қазақ халқының биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Өңірден майданға 140 мың азамат аттанса, соның тең жарымынан астамы жат жерде опат болды. Жау оғына кеудесін тосып, қайтпас қайсарлық көрсеткен 51 оңтүстікқазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. 8 жерлесіміздің кеудесіне «Даңқ» ордені тағылды. Мемориал батырлар руһын ұлықтап қана қоймай, сол күндерді көзімен көрген ардагер ата-апаларымыздың өткенді еске алатын, өскелең ұрпаққа соғыстың не екенін, оның ауыртпалығын айтып ұғындыратын жеріне айналған. Жеңістің 72-көктемін мерекелеуге арнайы жиналған ардагерлер «Даңқ» аллеясын аралап, қарулас достарына тағзым жасады. Одан кейін далада дайындалған солдат ботқасынан ауыз тиді. Театр әртістері ардагерлерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Шымкенттегі білекті жастар Жеңіс күні ардагерлердің құрметіне арнап, 72 мың мәрте жаттығу жасамақшы. Спорттық-патриоттық акцияға шамамен 400-ге жуық қала жастары қатысып жатыр. Ең бастысы олардың негізгі көрермені соғыс және тыл ардагерлері болды. Мемориал маңына жиналған жүздеген еріктілер тіпті сайысты бастап та жіберді. Жастар өздеріне бейбіт өмір сыйлаған ата-апаларына деген құрметін осылай жеткізіп жатыр. «Бастысы – өр мінезді, жігерлі ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсету», – дейді шараны ұйымдастырушылар. Нұрдаулет Назиров, қала тұрғыны: -Бұл акцияға әркім өз қалауы бойынша қатысты. Барлығымыз ардагерлердің алдында борыштармыз. Отан үшін, ұрпақ үшін қасық қаны қалғанша күресті. Қанат Жүнісбеков, тілші: -Жалпы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара әлі жалғасын тауып жатыр. Орталық саябақтарда да арнайы шаралар ұйымдастырылған. Бір сөзбен айтқанда батырларымыз сыйлаған жеңісті де жемісті күндеріміз көп болсын!