Шымкенттіктер Бірлік күнін дүбірлетіп тойлады

Аймақ
01.05.2017, 14:36

Шымкенттіктер Қазақстан халқының бірлігі күнін дүбірлетіп тойлап жатыр. Орталық алаңға жиналған жұрт мың бұралған бишілер фестивалін қызықтады. Оған 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Бір шаңырақты мекендеген 100-ден астам ұлыс өкілі осылайша бірлік бар жерде береке болатынын тағы бір дәріптеді.36

Дәл қазір мерекелік шараның нағыз қызған шағы. Орталық алаңға жиналған жұрттың қарасы қалың. Көпшілікке өңірдегі 20 этномәдени орталықтар мен барлық өнер ұжымдары концерттік қойылымдарын ұсынып жатыр. Алаң нағыз көктемдегі құлпырған даладай түрлі түске бөленді. Думан «Достық-Бірлік-Ынтымақ» деген тетарландырылған қойылыммен басталды. Сахналық көріністе мәңгілікті ту еткен Ұлы даланың жеткен жетістігі дәріптеліп, ел бірлігі көрініс тапты. Мерекенің көркін өңірдегі әр ұлыстың көркем өнерпаздары қыздыра түсті .Әсіресе Өзбек драма театрының әртістері сомдаған көш керуеннің Ұлы жібек жолы бойындағы көне шаһарға келіп қазық қағуы әсерлі болды. Өзбек бишілері өкшесімен от шашып билесе, корейлер әуезді әуенімен елітті. Татар, башқұр, түрік, әзербайжан, ұйғыр мен кавказ билеріне жұрт қосыла биледі. Қара домбырадан төгілген күй мен қобыз үні жұртты ерекше сезімге бөледі. Қазақстан халқының бірлігі күніне арлаған шарада жалпы 3 мыңға жуық адам өз өнерін ортаға салды. Қазақ жерін мекендеген ұлыстар жүзі басқа болса да жүрегі бір, түрі басқа болса да тілегі бір екендіктерін тағы бір дәріптеді. «Отанымыз ортақ, ол – Тәуелсіз Қазақстан», - дейді олар. Икрамжан Хашимжанов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестігінің төрағасы: - Бұл күннің мен үшін орны бөлек. Жыл бойы азық болады. Жұрт бір-біріне жақсылық тілейді. Ұлы істердің бастауы. Атам қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаса керек. Оған мәңгілікті ту еткен ұлы дала төсіндегі Тәуелсіз қазақ елі дәлел. Мерекелік шара қала аумағында ғана емес, барлық аудандарда да жалғасын тауып жатыр. Көктемнің шуақты күні жүзі жадыраған жұрттың тілегі бір. Ол – қазақ елінің гүлденуі.

Сұхбат

PhotoRoom