АРЫС МИНЕРАЛДЫ СУЫМЕН ДЕ МАҚТАНАТЫН БОЛАДЫ

Аймақ
29.05.2017, 21:48

Таяуда «Арыс» минералды суы елiмiздiң нарығына шығарылады. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Арыс қаласының әкiмi Мұрат Қадырбек мәлiмдедi. Ол дотацияға ғана сенiм артатын қала болмау үшiн шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға барынша жағдай жасайтынын жеткiздi,-деп жазады Оңтүстік Қазақстан газеті.6ed0a07f-a2c9-473b-beac-dad33c10e489

– Әр өңiрдiң, әр қаланың атын шығаратын өз брендтерi болады. Арыс қаласы темiржолымен танылған. Ендi минералды сусынымен де мақтанатын күн алыс емес. Кәсiпкерлер бұрын минералды су шығарған зауытты қайтадан жөндеп жатыр. Кезiнде бүкiл Одаққа су ұсынған бұл кәсiпорынды жандандыру арқылы жаңадан жұмыс орындары да ашылады. Сондай-ақ, Арыстың қауын-қарбызы да сұранысқа ие. Алдағы уақытта қауынқұрт және қауынқақ жасайтын кәсiпорын iске қосылады. 2015–2017 жылдар аралығында индустрияландыру бағдарламасы аясында Арыс қаласында 4 жоба iске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылса, 2017–2019 жылдар аралығында қаламызда 3 жоба iске қосылады, – дедi Болат Қадырбек.

Биыл баламалы энергия көзiне негiзделген «Kaz green tek solar» ЖШС-нiң жобасына 30 гектар жер бөлiнген. Бұл аумақта күн сәулесiнен қуат алатын электростанса салынады. Ал, «Байырқұм-Агро» ЖШС елтiрi қой терiсiн Италияға тасымалдайды. Осы үшiн серiктестiк асыл тұқымды қаракөл қойының санын 5000-ға жеткiзбек. Сонымен қатар, 20 мың күркетауық өсiрудi де қолға алмақ. Ауыл шаруашылығына келсек, биыл егiс көлемi 22 100 гектарға жетiп, 900 гектар жерге тамшылатып суару әдiсi енгiзiлдi. Мал бордақылау алаңдарының саны 150-ге, отбасылық сүт фермаларының саны 40-қа жеткен. Қала әкiмi ауызсумен және табиғи газбен қамту, құрылыс салалары бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

– Қала бойынша орталықтандырылған құбыр суымен қамтылған тұрындардың үлесi 91,4 пайызды құрады. Ал, табиғи газбен қамту бойынша 2016–2022 жылдарға арналған iс-шаралар бекiтiлген. Кезең-кезеңiмен елдi мекендерге «көгiлдiр отын» жеткiзiледi. Қазiр жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберiнде жақында 3 қабатты 36 пәтерлi үш тұрғын үйдiң құрылысы басталады, – деген Мұрат Қадырбек Арыс қаласы аумағында Марокко шегiрткесiне қарсы күрес жылдағыдан қарқынды жүргiзiлгенiн де атап өттi.

Сұхбат

PhotoRoom