Абай ауданындағы 4 тұрғын алапқа, Әл-Фараби ауданындағы Бадам тұрғын алабына, Еңбекші ауданындағы 7 тұрғын алап пен 2 көшеге, Қаратау ауданындағы 2 тұрғын алапқа 6 ай уақыт мерзімінде ауыз су жүйелерін жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі тиіс. Сонымен қатар, қала аумағын сапалы электр жүйелерімен қамту, жарықтандыру, ирригация жүйелерін орнату, асфальт төсеу, «Шаңырақ» тұрғын алабындағы 600 орындық мектеп ғимаратын салу және Абдулабад тұрғын алабындағы №101 орта мектепке қосымша 300 орындық ғимарат құрылысына ЖСҚ әзірлеу жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалуы қатаң бақылауға алынбақ. Қаланың аудан аумақтарында туындаған өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары бойынша 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Жиында баяндама жасаған аудан әкімдері негізгі бағыт бойынша іс-шаралар жоспары түзілгенін мәлім етті. Бұл қатарда, Қаратау ауданының әкімі Ғ. Мәуленқұлов «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан ирригация жүйелерін ретке келтіру және тұрғын алаптар мен шағынаудандарда орналасқан топырақ көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары үшін қосымша қаржы қарастыруды сұрады. Сондай-ақ, аудан әкімдері жоспарлы жұмыстар өз мерзімінде орындалатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.