Бүгінде «Бадам» тұрғын алабын электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Строй Проект Инвентаризация» жобалаушы мекемесімен жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірленген. Нәтижесінде, ауыз су, электр жарығы, табиғи газға қосылуға техникалық шарт алынды. Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде Әл-Фараби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Құдайберген Қалдықараев мәлім етті.
Blue gas flame on the hob close up
Баяндамашының айтуынша, Шымкент қаласындағы 2017-2021 жылдарға арналған шағынаудандар мен тұрғын алаптардың инженерлік-инфрақұрылымдарын дамыту мақсатында әзірленген әлеуметтік-экономикалық картасына сәйкес, «Бадам» тұрғын алабында ауызсу, электр және табиғи газ жүйелерінің құрылысын жүргізу 2018 жылға жоспарлануда.
Сондай-ақ, «Бадам» шағынауданында балабақша құрылысын жүргізу жекеменшік мекемелер арқылы 2018 жылы жүзеге асатын болады. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс арқылы 2 балабақша («Бақытжан», «Ақниет» балапан) жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, аталған аумақта жолаушылар ағымының артуына байланысты №22, 86 және 116 қоғамдық көлік бағыттарын жаңа құрылыс аумағына дейін ұзарту сызбалары дайындалуда.