БҚО әкімі депутаттар алдында есеп берді

Аймақ
23.09.2014, 14:25

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттар алдында есеп берді. 

Өңір басшысы Елбасы тапсырмаларына сәйкес нақты жұмыстардың атқарылып отырғанын атап өтіп, облыс әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы сегіз айындағы қорытындыларына тоқталды. Атап айтқанда, 1313,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өсім 3,8 пайызды құрады. Табиғи газ және газ конденсатын өндіруді ұлғайту есебінен тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіру көлемі 4,9 пайызға көбейді.

Өнеркәсіп өндірісінің өсуіне индустрияландыру картасының жүзеге асырылуы игі ықпалын тигізді. Индустрияландыру картасы аясында облыс бойынша құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен, машина құру, металлургия, мұнай өңдеу және энергетика салаларында 36 жоба қолға алынды. Жобалардың жалпы сомасы 286,7 млрд. теңгені құрайды, оларды іске асыру барысында 1755 жұмыс орны ашылады. Іске қосылған 31 жобаның 22-сі 70 пайыздан аса, 4 жоба 50 пайыздан аса жобалық қуаттылығына шықты. Қалған жобалар да жобалық қуаттылығына кезең-кезеңмен жетпекші.

Биыл жалпы сомасы 4,2 млрд.теңгеге (360 жұмыс орны) бағаланған 2 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда: атап айтқанда, күш трансформаторларын өндіру және жиһаз фабрикасын ұйымдастыру жобасы. Жалпы құны 30,4 млрд.теңгені құрайтын К5 экологиялық дәрежелі мотор отындарын өндіру («Конденсат» АҚ) және қуаты жылына 200 мың тонна мұнай өңдеу зауыты (BN «Western MunaiGas LTD» ЖШС) жобаларын 2015 жылы іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, машина құру саласы өнімдерінің ұлғаюына «Ақсай индустриалдық паркі» ЖШС негізінде ҚПО б.в. компаниясымен жалпы сомасы 36 млн. АҚШ долларына жасалған жаңа шарттар аясында, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қазіргі таңда шетелден көрсетілетін қызметтер мен бірқатар өнімдерді шектеу жөніндегі жұмыстар септігін тигізетін болады. Бұдан басқа электртехникалық приборларды өндіру жөніндегі жобаны («Омега» прибор жасау зауыты) іске асыру жоспарланған. Құрылыс материалдарын өндіру саласының кәсіпорындары негізінде («СВ-плюс» ЖШС, «Болашак-Т» ЖШС) жалпы құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын екі үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді, олар «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салуға кірісіп кетті. Облыс тұрғындарының электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Зеленов ауданының Белес ауылында қуаты 200 МВт дейінгі газтурбиналы электр стансасының құрылысы жүріп жатыр («Батыс Пауэр» ЖШС). ГТЭС-тің 1-кезегін (қуаты 100 МВт) 2015 жылы, 2-кезегін 2018 жылы іске қосу көзделген. Облыста кәсіпкерліктің өрістеуіне «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру оң әсерін тигізді. Аталған бағдарлама қолға алынғаннан бері 18 мыңнан аса кәсіпкер қолдау шараларымен қамтылды. Күні бүгінге жалпы сомасы 46,8 млрд. теңгеге 346 жоба мақұлданды. Басқа да салаларда алға басушылық байқалады. Тұтастай алғанда, облыс экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын атап көрсеткен әкім халық қалаулыларымен бірлесе отырып, бұдан былай да Елбасы тапсырмаларына орай алда тұрған міндеттерді орындау жолында жұмыстанатынын жеткізді. Депутаттар облыс басшысының есебін оң бағалады.

Сұхбат

PhotoRoom