ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай Шымкентте БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі Спартакиада ойындары жалауын көтерді. 12-17 маусым аралығына жоспарланған спорттық шара Қазақстан Журналистер Одағы мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өтуде.
Сайыстың ашылу салтанаты ОҚО кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, т.б., белгілі қаламгерлер құттықтау сөз сөйледі,-деп жазады Шымкент келбеті газеті.
– БАҚ өкілдері мен баспа саласы қызметкерлері жыл сайын белсенділік танытып келеді. Журналистеріміз салауатты өмір салтын БАҚ-та ғана насихаттап қоймай, өздері де спорттың дамуына үлес қосып жүр. Спорт – біріктіруші күш. Баршаңызды облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының атынан бүгінгі Спартакиаданың ашылуымен құттықтаймын. Спорттың тілімен айтқанда, мықтылар жеңсін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Іс-шара барысында «13 легион» қозғалысының өкілдері салауаттылықты насихаттап, мерекелік қойылым көрсетті. Сондай-ақ, белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов журналистер мерекесіне өз арнауын тарту етті.

Жарыс спорттың 11 түрінен – волейбол, ұзындыққа секіру, 100 метрге жүгіру, арқан тарту, жүзу, боулинг, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, үстел теннисі және шағын футболдан өтеді.

Бүгінгі волейбол сайысында «Ернияз» медиа тобы командасы жеңімпаз болды. Екінші орын «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қызметкерлеріне бұйырса, үшінші орын – «Ернұр» корпорациясы өкілдерінде.

Спорт – салауаттылыққа бастайды. Салауаттылық – саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі. Ендеше, тартысты ойындардан шет қалмаңыздар, әріптестер!