Түркістанда қымыз бен қымыран ұнтағын шығаратын зауыт іске қосылады

Аймақ
12.06.2017, 23:05

Түркістанда қымыз бен қымыран ұнтағын шығаратын зауыт іске қосылады. Қазақстандағы теңдесі жоқ кәсіпорын бие мен түйе сүтін ұнтақ күйіне айналдырады. Қазір нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Қаржылай қолдауды Қытай тарапы білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Қытайлықтардың еншісіндегі компания кәсіпкерлікке қолайлы аймақ ретінде Түркістан қаласы таңдаған. 655Себебі қасиетті мекенде түйенің көп өсіріледі. Кәсіпкерлер шикізатты Түркістан мен оған жақын Отырар ауданынан, Қызылорда облысынан алуға болады деп отыр. Әзірге жергілікті шаруалармен келіссөздер жүргізуде екен. Мұндағы мамандардың сөзінше ұнтақталған қымыз бен қымыранның сақталу мерзімі 2 жылға дейін созылады. Зауыт басшылығы бір тәулікте мың тоннаға дейін өнім өндіруді жоспарлап отыр. Тың жаңалық ең алдымен түркістандық шаруалар үшін қолайлы болмақ. «Түркістан қаласы әкімдігімен бізге 10 гектар жер бөлінді. Осы жылы қаңтар айында құрылыс жұмыстары басталған. Қазір бұл жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Зауыт салынып біткенде осы жерде  тәулігіне 100 тоннадай қымыз бен қымыраннан ұнтақ дайындалатын болады», - дейді компанияның басқарушы директоры Жазира Озатқызы.  Жалпы серіктестіктің  жоспары ауқымды. Тек ұнтақталған қымыз бен қымыран өндіріп қана қоймай,  ұлттық сусындарды соңғы процеске дейін өңдемек. Сөйтіп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығаруды жоспарлап қойған. Қазір инвесторларға жергілікті билік тарапынан мейлінше қолдау көрсетуде екен. Кәсіпорын іске қосылса, бір мезетте 160 жергілікті азамат жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Сұхбат

PhotoRoom