Оңтүстік Қазақстан облысындағы таулы аймақ тұрғындары таңқурайдан табыс тауып отыр. Қазығұрттық диқандар өңірде алғаш рет таңқурай өсірудің тың әдісін меңгеруде , деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Жігірген ауылының тұрғыны Еркін Шералиев ауа райына сәйкес келген соң жидектің осы түрін егуді қолға алғанын айтады. Ол бастапқыда бір жарым гектар жерге таңқурай егіп, мол өнім жинаған. Биыл оның көлемін екі есеге артырыпты. Әрі оны баптауға ауылдың 30-дан астам тұрғынын тартқан. Күтімі жақсы болғанда өнім де молаяды, - дейді диқан. Оның сөзінше топырағы жақсы тыңайған кезде таңқурай 2 айда бір өнім береді. Жидектің әр түбінен 3 келіге дейін, ал күзде 1 гектардан 12 тоннаға дейін өнім алуға болады деп отыр. Ал, дайын өнімді көтерме бағамен алушылар да табылыпты. Өйткені, жидектің адам ағзасына пайдасы жетерлік. «Таңқурайды былтыр бір жарым гектар жерге егіп, ауылдың 12 адамын жұмыспен қамтыдық. Биыл тағы 1,5 гектарға егіп, аумағын кеңейттік. Салдарынан 25-30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Дайын өнімге сұраныс та жақсы. Осы маңдағы Қаратас елді мекенінде бір кәсіпкер тосап шығаратын цех ашқан. Оған біз теріп, жинап береміз. Ол кісі өзі келіп алыып кетеді»,-дейді Еркін Шералиев. Шаруа енді табысы мол жидекті 15-20 гектарға кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін ауыл тұрғындарымен бірігіп кооператив құрып, егістік жерлерін пайдаланбақ.