Шымкент зообағында ірі жыртқыш аңдардың бөлек аймағы пайда болуы мүмкін

Аймақ
17.06.2017, 22:58

Қазіргі таңда зообақ басшылары арыстандар мен жолбарыстарға қажет жағдай жасауды ойластыруда. Бұл жобаның барлығы Шымкент әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Бүгінде Шымкент зообағында қайта құру жұмыстары жалғасуда. Таяу күндері Африка аймағы толық ашылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде мұндай жабайы жануарлардың барлығы дерлік жіберілген.

- Сусиырды біз кәріз жүйесі қосылған соң ғана вольерге жібереміз, - дейді зообақ жетекшісі Нұрғазы Бұхарбаев.

Гепард тұратын орынның да құрылысы жүруде. Ал ірі жыртқыш аңдарға біраз күте тұруға тура келеді. Бұл үшін алдымен жоба жасап алып, оны қала әкімдігі қолдауы тиіс.

- Жақында зообақтағы жұмыстармен танысып қайтқан Шымкент әкімі зообақты жаңа аңдармен толықтыру керек деп ұсыныс айтқан. Қазір біз осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Шаһар басшысы сол кезде ірі жыртқыштарға бөлек жай дайындау керегін де айтқан болатын, - дейді зообақ басшысы.

Зообақ қаланың танымал жерлерінің біріне айналғалы қашан. Енді мұндағы ірі жыртқыш аңдар да жаңа әрі қолайлы жайларға жайғасады деп сенеміз.

Сұхбат

PhotoRoom