Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жыл қорытындысы бойынша есепті кездесулерде аудан әкімдеріне тұрғындардың айтқан сын-ескертпелері сараланып, ондағы өзекті мәселелердің орындалу барысы талқыланды.
Мәжілісте алдымен Шымкент қаласы мектеп түлектерінің ҰБТ-дағы алғашқы күндегі көрсеткен нәтижелері белгілі болды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, тестулеуге жіберілген шымкенттік 5059 түлектің 971-і алғашқы күндегі сынаққа қатысқан. Ондағы орта көрсеткіш – 78,5 балл. Ең жоғары көрсеткішке әзірге Досжан Исатай мен Әйгерім Жолдасбекова қол жеткізіпті.
Сонымен қатар, жиында қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметіне жаңа кіріскен Бектұрсынов Нұрлан Қарабалаұлын таныстырып, оның алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес, Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев жергілікті тұрғындардың жолдаған ұсыныс, сын ескертпелеріне орай, нақты міндеттердің атқарылғанын жеткізді. Атап айтқанда, есепті кездесулерде аудан әкіміне 58 сын-ескертпе айтылған болса, бүгінде соның 38-не нақты жауап берілген. Қалған 20 мәселе бойынша тұрғындардың сауалы тұрақты бақылауға алынған. Оның басым көпшілігі көше бойын жарықтандыру және аяқ жол, шағал тас төсеу жұмыстарымен байланысты.
Мәжілісте Әл-Фараби ауданы бойынша әсіресе, «Бадам», «Тассай», «Бозарық» шағынаудандарының бүгінгі әлеуетіне нақты бағам жасалды. Аудан әкімі Бауыржан Қалжанов тұрғындардың электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы сауалдарына орай, 25 мәселенің шешімін тапқанын жеткізді. Қалған 28 мәселе жыл соңына дейін толық шешімін таппақ.
Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов есепті кездесулерде жолданған 47 сауалдың бүгінде дерлік орындалғанын, ендігі тек, 5 ұсыныстың тұрақты бақылауда тұрғанын жеткізді. Бұл қатарда, «Ұлағат» шағынауданында мектеп ғимаратын салу, «Теріскей» шағынауданы көшелерін және Ленгір жас жолы бойын жарықтандыру жұмыстары күн тәртібіне қойылған.
Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов есепті кездесуде берілген 110 сұрақтың 70-і күні бүгінге дейін орындалғанын жеткізді. Мұнда да тұрғындардың жолдаған сауалдарының басым көпшілігін коммуналдық шаруашылық және қоғамдық көлік қызметіне қатысты мәселелер құрайды.
Осы орайда, қала әкімі аталмыш аудандағы «Бозарық», «Нұртас», «Тұран», «Тассай» шағынаудандары мен «Қайнарбұлақ» тұрғын алабындағы кримогендік ахуалға алаңдаушылық білдіріп, ондағы қылмыс көрсеткіштерін төмендету бағытында бейнеқондырғылар мен көшелерді жарықтандыру жұмысын белсенді жүргізуді тапсырды. Өз кезегінде, аудан әкімдері жоспарлы жұмыстар өз мерзімінде орындалатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.