Оңтүстіктегі дүбірлі той

Аймақ
30.09.2014, 14:20

Ел сөзін сөйлеп, ұлт қамын ойлаған арда азаматтарымыз Т.Рысқұлов пен С.Қожановтың 120 жылдығы және қара шаңырақ атанған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай журналистер арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті. Бұл турнирде қоғам қайраткерлерін еске алып құран бағышталды.

Шымкенттегі халықаралық талаптарға сай «БИІК» спорт кешенінде өткен турнирге Алматы қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының журналистерінен құралған 9 команда қатысты. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен шағын футболдың мақсаты саламатты өмір салтын насихаттап, журналистер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Жеребе жолдас болғандар: «А» тобы: Алматы, Жамбыл, облыстық ішкі саясат басқармасы мен Созақ ауданы және «Жанубий Қозоғистон» газеті. Ал, «В» тобында Қызылорда, «Оңтүстік Қазақстан» газеті, ОҚО журналистер одағының құрамасы және «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы. Ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжан сөз алды. Сонымен қатар Алматыдан арнайы келген «Жас қазақ» газетінің редакторы Срайыл Смайыл мен «Қазақстан жазушылар одағы» басқармасының орынбасары Жанарбек Әшімжан қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирді ашық деп жариялады. Футболдың қорытындысы бойынша бірінші орын Жамбыл облысы, екінші орынды Алматы қаласы алса, үшінші орынды Қызылордалықтар жеңіп алды. Тартысты өткен бұл кездесуде жамбылдықтардың мерейі үстем түсті. Қорытындысында кубок пен марапат қағазынан бөлек, Жамбыл облысы 120 мың, Алматы қаласы 90 мың, Қызылорда облысы 60 мың теңгеге ие болды. Сайыс кезінде ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы марапат қағазы және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі 

Сұхбат

PhotoRoom