Түркiстан шаһарынан елорда төрiне 252 дана жәдiгер көрме экспозициясына қойылды. Үш бөлiмге топтастырылған бұл экспозицияда Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Ескi Түркiстан, Хан Ордасы, Сауран қаласы, Қаратөбе-Сауран, Шпан және Шерiбай қорымына жүргiзiлген археологиялық қазбадан табылған керамикалық, нумизматикалық жәдiгерлер, Қожа Ахмет Ясауидiң рухани мұралары «Диуани хикмет» кiтабының қолжазбасы мен Қазан, Ташкент, Ыстамбұл баспаларынан шыққан нұсқалары, «Рисалла дар адаби тариқат», «Мират уль кулуб», «Пақырнама» еңбектерi, шәкiрттерi С.Бақырғанидiң «Диуан», Ә.Науаидiң «Ғазалдар», Софы Аллаярдың «Дiни өлеңдерi», Имам Мағрудидiң «Қисса» атты баға жетпес мұралары, Ясауидiң шежiресi жазылған «Насабнаманың» түпнұсқасы, Әмiр Темiр дәуiрiнен сақталған түпнұсқа шырағдандар, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есiгiмен қатар ХVIII ғасырда өмiр сүрген қазақтың хас батыры ер Қабанбайдың түпнұсқа қанжары, Түркiстанда билiк құрған Есiм, Тәуке, Жәңгiр, Әбiлмәмбет, Әбiлфейiз, Абылай, Бөкей сынды атақты хандардың күмiс жүзiкке түскен мөрлерi, орыс, қытай патшаларына ынтымақтастық жөнiнде жазған хаттары, тұтынған заттары мен этнографиялық жәдiгерлер көрермендер назарына ұсынылды.
Көрменiң ашылуында ғалым-этнограф Қ.Сүлейменов көрме жұмысына сәттiлiк тiлесе, әскери тарихи музейiнiң директоры П.Өтепова ЭКСПО-ның өзiндiк маңыздылығына тоқталып, рухани керуен көшiн бастап барған қорық-музей қызметкерлерiне алғысын бiлдiрдi. Шарада сөз алған «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-музейiнiң ғылыми қызметкерi Б.Байболов көрменiң мақсаты мен мiндетiне тоқталып, әскери-тарихи музейге алғыс бiлдiрiп, мекеме директорының Алғыс хаты мен өздерi шығарған баспа өнiмдерiн табыс еттi.
«Рухани орда Түркiстан» көрмесi 10 қыркүйекке дейiн келушiлерге қызмет көрсетпек.
Ақпарат көзі: okg.kzhttp://okg.kz