Шымкентте этностильдегі былғары сөмкелер шығарыла бастады

Аймақ
13.07.2017, 01:03

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Нұржамал Жүнісбекқызы қолөнерінің арқа­сында бизнес әлеміне енді. Бүгінде Шымкент қаласынан «Оңтүстік былғары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. Әсіресе, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көп қолдау көрді. Бұл туралы aikyn.kz сайты жазады. Өзінің арманы бойынша жазған бизнес жоспарын облыстағы Кәсіпкерлер палатасында құрылған арнайы комиссия инновациялық жоба ретінде бірден қолдады. Өйткені мұндай жоба Шымкентте әлі қолға алынбаған еді. Бизнес жобада облыстағы фермерлерден тері жинап, оны өңдеп, былғары дайындауды енгізген. Нұржамалдың негізгі арманы ұлттық нақыштағы заманауи былғары сөмкелерді жасау болатын. Комиссия шешімімен жоғары бағаланған жобаға мемлекет тарапынан 2 миллион теңге грант берілді. Кәсіпкерлікке енді қадам басқан өнерлі жанға мемлекеттің бұл қолдауы үлкен жауап­кершілік жүктеді. Бастаған ісіне қызығушылығын одан сайын арттырды. Жеңіп алған қаржысына бірінші кезекте соңғы үлгідегі тігін машиналарын сатып алды.Bylgary-5-640x480

Алматыдан өнімдеріне қажетті былғары тауарларын күтіп алып жатқан Нұржамал: – Өзімнің ісімді сүйетінім соншалық, тауарымды қолыма ұстап иісін сезінгенше тыным таппай­мын. Ойда жүрген эскиздеріммен өнім шы­ғаруға асығамын, – дейді. Тіпті осы бизнесті бастағанда да басты мақсатқа ақша табуды емес, өзінің бала күннен арманы болған қолөнерімен айналысуды алға қойыпты. Осы кәсіпті бастағанына бір жыл толса да, есеп-қисаптан гөрі тауардың сапасына, тұтыну­шының талғамына көбірек назар аударғанын айтады. Сондықтан болса керек, күні бүгінге дейін қанша өнім өндіргенін, одан түскен пайданы есептеп көрмепті. «Менің ең басты жұмысым өндіріс, сатумен тауарды жар­намалаумен айналысатын басқа менеджер іздеп жүрмін. Дәл қазір сату мәселесіне оншалықты көңіл бөле қоймадым» дейді кейіпкеріміз.

Нұржамал қолөнерге бала күнінен қызы­ғыпты. Еміс-еміс есінде қалғаны бастауыш сыныпта оқып жүргенінде сабақ үстінде дәптерлерінің соңғы беттеріне эскиз сызып отырады екен. Сол дәптерлері көпке дейін сақталған. «Негізінен анамның сән әлеміне қызығушылығы болған. Қолынан іс келетін анам прокурордың жұбайы болса да сатып алған киімді ұнатпайтын. Киімдерін өз қолымен тігіп киетін. Өзінің арнайы тігін машинасы бар еді. Өте мықты, сапалы сол тігін машинаны маған берді. Қазір оны өзімнің цехыма қойып алдым. Ол мен үшін үлкен сыйлық. Анамның естелігі, әлі күнге дейін оны тігінге пайдаланып жүрмін» дейді қолөнер шебері бізбен әңгімесінде.

Онжылдықты тәмамдаған соң да Нұржамал үшін мамандық таңдауға деген мәселе болмаған. Ол өзінің дизайнерлікті қалайтынын бірден кесіп айтқан екен. Туыстары мен достары заңгердің ең үлкен қызы заңгерлікті, не болмаса экономист сынды портфель ұстайтын мамандықты таңдайтын шығар деп ойлаған ғой. Бұл дизайнерлік мамандығы дами қоймаған 1996 жыл болатын. Шым­кенттегі пединститутта көркем графика факультетіне оқуға түскен талапкер 4 жылдан соң өнер мамандығы бойынша дипломын алады. Алайда, әлі де бұл мамандыққа сұраныс жоқ кезең болатын. Нұржамал Қытайдан тауар әкеліп, сауда жасаумен айналыса бастайды. Әрине, көптің бірі ретінде емес. Өзінің оқыған-тоқығаны, тіпті бұл салада таланты бар ол тауардың ең сапалысын, ерекше дизайн­дегілерін, яғни бренд киімдер тасымалдайтын болған. Одан соң, өзі бітірген оқу орнында өнер факультетінде, кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академия­сында шәкірттерге дәріс оқып, ағартушылық­пен де айналысты. Алматыда жүргенде сценаграфия, яғни театр костюмін тігу бойын­ша да сабақ беруді қоса алып жүрді. Театр жұлдыздарына киім таңдайтын, тігіп беретін арнайы командасы да болды. «МузАрт», «Ринго» сынды бірқатар өнер жұлдыздарының тобына, бишілерге костюм тіккен. Кейіпкері­міз сол кездерде бағалы тастармен өрнектелген былғары костюмдер тіге бастапты.

«Былғарымен жұмыс істеудің өте тиімді екеніне осы кезде көз жеткіздім. Былғары өзінің құнын жоймайтын, шыдамды, сән үлгісінен қалмайтын сапалы бұйым шығаруға өте қолайлы. Онымен тіккен өніміңе рахаттана қарай аласың. Мәселен, сол жылдары өнер иелеріне арнап былғары қосып тіккен костюм­дерімді әлі күнге дейін жұлдыздардың үстінен көремін. Сондықтан осы істі бастауды қолға алдым. Былғарыдан сөмке жасау идеясы өзімнің басымнан кешкен бір оқиғадан соң жүзеге асты. Қыдырәлі Болмановпен бірге «Бал-бала» ойыншықтарын жасау кезінде жұмыс істедік. Олардың өндірістік жағына жауапты болдым. Әрлеу, стиль шығару, эскиз жасау жұмыстарымен айналыстым. Қытайға тауарға барған бір күні ол жақтан өзіме таза былғарыдан жасалған сөмке сатып алдым. Қатты ұнады. Бағасы да қымбаттау еді. Келген соң оны Қарақат та ұнатып: «маған да ала кел­медің ба?» деген еді. Сол қолсөмкемнің көп уақыт өтпей ақ қабыршағы түсе бастады. Сөйтсем, ол таза былғары емес, аралас екен ғой», – дейді кәсіпкер өткенін еске алып.

Бірақ Нұржамал алғашқы өнімдерін түгелдей таза былғарыдан тігіпті. Ең алдымен халыққа қолжетімді болуды көздеген. Әрине, бұл бизнесті бастамас бұрын анализ жұ­мыстарын жасаған. Әлеуметтік желі арқылы шетелдіктермен тәжірибе алмасқан. Сонымен бірге, уақытының басым бөлігін ізденіспен өткізіпті. Көптеген семинарларға, бизнес тренингтерге қатысқан. Осы ретте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының көмегі көп тигенін айтады. Әсіресе, бүгінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша Қызылорда облы­сының бизнес тренері болып жүрген Амангелді Жарылқағановтың еңбегі зор екенін алға тартты. Ол Нұржамал Миржибаева бизнесті бастайтын кезде Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы кәсіп ашамын дегендерге қолдау білдіретін. Әлі күнге кеңесін аямай, есеп-қисабын да жүргізіп береді екен. «Өз тауар­лары­мызбен көрмелерге қатысқанда да «Атамекеннен» көп қолдау көрдім. Егер өзді­гімнен қатысатын болсам, едәуір қаржы тө­леуіміз керек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының арқасында көптеген көрмелерге тегін қатыстым» дейді кәсіпкер әйел.

Одан соң, ОҚО-дағы облыс әкімі та­ра­пы­нан кәсіпкерлерге қолдау мақсатында құрыл­ған «Ырыс» микроқаржы ұйымынан әлеумет­тік жеңілдік пакетімен несие алыпты. Тауар­ларының көбісі әлеуметтік желілердің көмегі­мен сатылған. Сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы бір­қатар дүкендерде тауарлары сатылымда тұр. Нұржамалдың алға қойған мақсаттары да көп. Енді таяу күндері мақта өнімінен сапалы киім тігуді қолға алмақ. Оған да міндетті түрде қа­зақ­­ша элемент түсіру көзделген. Әзірге қасын­да екі тігіншісі бар. Өзі сабақ берген оқу ор­нын­дағы шәкірттерін жұмыспен қамтып отыр. Бұдан былай өндіріс орнын кеңейтіп жатса сол жердегі бітіруші түлектерді жұмыс­пен қабыл­дамақ. Жалпы кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында оның қайырымдылық шараларына көбірек көңіл бөлетінін байқадық. «Балалар үйіне барып, мастер класс өткізіп тұрамын. Қолының өнері барлардың оқуына, одан ары жұмыспен қамтылуына көмектесемін» дейді Нұржамал. Одан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасыны қамқорлығына алыпты.

Сұхбат

PhotoRoom