Астық ору тек ауылдарда ғана емес, облыс орталығында да қызу жүріп жатыр. Науқанға өзге өңірлерден бұрын кіріскен шымкенттік шаруалар алқаптың 85 пайызын еңсеріп үлгерді. Астық түсімі де биыл көңілден шығады дейді жауаптылар.
Бұл – шаһар аумағындағы “Жиенбаев-К” өндірістік кооперативіне тиесілі астық алқабы. 173 гектарды алып жатқан егістікте ору науқаны қыз-қыз қайнауда. Кооператив төрағасы соңғы 5 жыл көлемінде бидайдың бітік шығып жатқанын айтады. Тек баға мәселесіне келгенде шаруалардың еңбегі ескеріле бермейтіні қынжылтады дейді.
Диқандар қазір маман тапшылығы қолды байлайтынын жасырмайды. Комбайншы, механизатор сияқты мамандардың жетіспеушілігі науқан кезінде қатты сезіледі дейді. Әзірге шаруалар жалдамалы жұмыс күшінің көмегімен егістікті еңсеріп отыр.
Ақпарат көзі: otyrar.kz