Кеңес аға Өзбекстаннан атажұртқа көшiп, Таскескен ауылына қоныстанады. Зейнеткерлiкке шықса да қол қусырып отырмай, үнемi iзденiс үстiнде жүредi. Алланың берген талантымен шеберлiгiн жетiлдiрiп, ойға түйгенiн кейiнгi ұрпаққа үйретуден жалықпайды. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыраны ғана емес, бесiк, астау, сәкiнi де сапалы етiп жасайды. Нәзiк те күрделi, асқан табандылықты, ыждағаттылықты қажет ететiн өнерiн бүгiнде немересi Қанат жалғастыруда. Атасының жолын қуған өнерлi жiгiт «Даму» бағдарламасы аясында грант ұтып алып, шағын шеберхана ашты. Онда ағаш өңдеуге қажеттi станоктарды алып, тапсырыспен домбыра, астау, бесiк, сәкi жасайды. Ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз етiп отырған жас кәсiпкер түрлi байқауларға қатысып, жүлделерге ие болған. Қолөнер шеберi ЭКСПО-2017 көрмесiне қазақы оюмен безендiрiлген бұйымдарын тамыз айында апармақшы.
-- Бiз ұлттық ою-өрнекпен көмкерiлген бұйымдарды тек тапсырыспен жасаймыз. Алыс-жақын елдерден, басқа облыстардан тапсырыс беретiн тұрақты сатып алушыларымыз көп. Мәселен, Қытайда тұратын қандастарымыздың қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығы жоғары. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын әлемдiк брендке айналдыру — менiң арманым. Оған қол жеткiзу үшiн көп iздену, көп еңбектену керек. Домбыраның шанағын жасаудың өзi – шаңның тозаңындай салмаққа дейiн мән берудi талап етедi. Жасап отырған бұйымыңды жүрекпен, шын ниетпен iстесең ғана тамаша өнер туындысы болып шығады.
Атамның батасын алғалы Сарыағаш қаласынан қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететiн өнер мектебiн ашсам деген ой маза бермей жүр. Ауылда жұмыссыз жүрген жастарды оқуға тартып, бiр кәсiпке баулысақ, елiмiздiң экономикасына кiшкене болса да өз үлесiмдi қосқаным деп бiлемiн, — дейдi кейiпкерiмiз.
Қазақтың «атадан ұл туса игi, ата жолын қуса игi» деген сөзi осындай жiгiттерге қаратып айтылғандай...
Ақпарат көзі: "Оңтүстік Қазақстан" газеті