Көпшілікке мәлім, Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Осы Тұжырымдама аясында Елбасының қолдауымен қаламызда жүзеге асып жатқан ерекше жобаның бірі – «Шымкент СИТИ» жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені. Қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің жанында 427 гектарды алып жатқан ол аумақта бүгінгі таңда жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған. Бұл туралы shymkala.kz сайты жазады.
Жоба құрылысына республикалық бюджеттен 15 млрд теңге қарастырылған. Инженерлік-коммуникациялық жұмыстары келесі жылы аяқталады. Яғни, асфальт салу жұмыстары толық бітеді. Жоба толықтай аяқталғанда жаңа қалашықта 70 мың адам қоныстанады.
– «Шымкент СИТИ»-ді бүгінде қаланың басты құрылыс алаңы деп айтсақ та болады. Себебі, бұл кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, ең жоғары стандарттарға жауап береді. Бұған Елбасымыз да ерекше көңіл бөліп, қадағалап отыр. Қазір мұнда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бірінші бөлікте 25 гектарды игереміз деп жатырмыз. Сосын 75 гектар болатын саябақтың жобасы жасалуда. Биыл онда жұмыстар басталады. Қазіргі таңда жобаға елімізден және шетелден көптеген инвесторлар қызығушылық танытуда. Атап айтқанда, олар – «Отау групп», «Базис», BI Group компаниялары. Сондай-ақ Қытай, Түркия және Малайзиядан көптеген инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.
Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов: «Шымкент СИТИ»-дің жай ғана кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін бар жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болатынын айтқан еді. Шын мәнінде, «Шымкент-сити» – қаламызды үшінші мегаполиске айналдыру бойынша қолға алынған ерекше жоба. Қалашықтың құрылысы 2020 жылға таман толық аяқталған жағдайда, бұл мекен барша қала тұрғындарының мақтанышына айналатыны даусыз.