Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де жүйелі түрде жүргізілуде. «Миллионды қала» атанудың аз-ақ алдында тұрған Шымкент қаласында қазір мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана кезегіне тұрғандар саны 30 мыңға жуық. Осы ретте қазіргі таңда мегаполисте бірқатар көпқабатты тұрғын үй құрылысы бой көтеріп үлгерді,-деп жазады shymkala.kz сайты.
Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығын Астананың сол жағалауына ұқсататындар аз емес. Оның да қисыны бар. Себебі, жанарды суыра тартатын көрікті ғимараттардың келбеті алыстан менмұндалайды. Жаңа шағынаудан жарқырап, жайнап-ақ келе жатыр. Мұнда құрылыс нысандарының жұмысы қарқын алған. Бұлардың көбі – тұрғын үйлер. Онда қазір 1200 орындық мектептің құрылысы басталған.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үлестіретін 11 көпқабатты тұрғын үй кешені де осы аумақта орналасқан. Биыл әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Онда құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердегі барлық пәтер саны – 622. Жоба бойынша 9 қабатты нысандардың 1-ші қабаты сауда-саттық орындарына және басқа да қызметтерге арналмақ.һ