Шымкентте жыл басынан бері 71 көше орташа жөндеуден өтті

Аймақ
18.08.2017, 23:35

«Жол жақсарса, ел жақсарады» дейді бұрынғылар. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан қаладағы шағынаудан көшелерін жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру кездесуінде былтыр қала көшелерінде аяқжол салуға 1 млрд теңге жұмсалғанын айтқан болатын. Шын мәнінде, бұған дейін мұндай қомақты қолдау болған емес.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл да бұл жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым 11 көшеде аяқжол құрылысы салынбақ. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне көз салсақ, бүгінде Шымкентте Айдарқұл («Жаңаталап» тұрғын алабы), 8 наурыз («Қарасу» шағынауданы), Бабашұлы («Таскен» шағынауданы), Құртаев («Қызылжар» шағынауданы), Игілік («Самал 3» шағынауданы), Шымқорған («Шаңырақ» тұрғын алабы), Сәтбаев («Тұрлан» шағынауданы), Бекболатов көшесінде («Құрсай» шағынауданы), «Қайнарбұлақ» саяжайында аяқжолдар салынып жатыр.

DSC 7962

Жалпы жыл басынан бері қалада 71 көшеде орташа жөндеу аяқталды. Таяуда мердігер анықталып, тағы 12 көшеде қайнаған құрылыс басталып кетті. Ал аяқжол құрылысы 11 көшеде жүріп жатыр. Бүгінде 12 көшеде орташа жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының берген мәліметінше, жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталмақ.

Жасырары жоқ, Шымкент қаласының көшелерінде әсіресе, көктем, жаз мезгілдерінде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан түрлі қиындықтар орын алып жатады. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазіргі таңда қаламызда тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы Желтоқсан, Қалдаяқов, Түркістан, Темірлан тас жолы, Жангельдин, Иляев, Рысқұлбеков, Момышұлы және Бейбітшілік көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен әкімшілік-іскерлік орталығынан келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

DSC 8713

Жол мәселесінде қаламыздағы Алматы бағытындағы айналма жол мен «Бекжан» базары маңындағы жолайырығын да айта кеткен жөн. Бұл тасжолдар таяу болашақта облыс орталығындағы көлік нөпірін азайтуға септігін тигізбек. Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша Астана даңғылындағы құрылыстың бірінші тармағы аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне дейін жетеді. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.

Сұхбат

PhotoRoom