Шымкенттің «жасыл белдеуі» ұлғаяды

Аймақ
13.07.2017, 14:14

Шымкент қаласының жалпы көлемі 16,8 мың гектарды құрайтын жасыл белдеуі тұрғындарды саялы жан рахатына бөлейтін көрікті мекендерге айналмақ. Яғни, қараусыз қалған шатқалдар көгалдандырылып, онда инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі, субұрқақтар, аяқжолдар, басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарының қатары артады.1499855076

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде шаһардағы санитарлық тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары сараланып, ондағы өзекті мәселелердің орындалу барысы талқыланды.

Баяндама жасаған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, бүгінде жалпы ұзындығы 454 шақырымды құрайтын қала көшелерінде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сала басшысы бұл ретте,  жергілікті тұрғындардың арыз-шағымына орай, жұмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар міндеттердің нақтыланып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде, сала қызметіне көңілі толмайтынын білдірген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов әсіресе, бұрынғы қоқыс полигондарының орнын көгалдандыру жұмыстары кемшін түсіп отырғанын, мазараттардың қараусыз қалып жатқанын, сондай-ақ, үй жануарларын күтіп-ұстаудағы тұрғындардың бей-берекет әрекетін сынға алды.

– Көше бойына қандай да бір үй жануарын бақылаусыз қоя беретін тұрғындар үшін тәртіп пен жаза түрін қатаңдату қажет, – деді Ғ. Рахматоллаұлы. – Бұл шараға жергілікті полиция қызметі, қалалық ветеринария бөлімінің мамандары белсенді қатысуы тиіс. Ең алдымен, еліміздің өзге қалаларында бар тәжірибені, тіпті болмаса, өркениетті елдердің бұл саладағы тәжірибесін зерделеген жөн.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.

Сұхбат

PhotoRoom