Өйткені шаһарда баспана кезегінде тұрғандар саны 31 мыңна асып жығылады. Оларға қажетті тұрғын үй салу жұмысына отандық компаниялар тартылмақ. «Құрылысқа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетіледі»,- дейді мамандар. Шымкент солтүстік бағытта дамып келеді. Әкімшілік іскерлік орталығының қос қапталы нағыз құрылыс алаңына айналған. Тұрғын үйлері Хайтек тәсілінде салынатын «Шымкент сити» қалашығы да осы бағытта бой көтеріп келеді. Қалада биыл жаңадан салынып жатқан 11 көп қабатты үйдің әрқайсысында 54 пәтер болады. Олар бірінші кезекте баспанаға мұқтаж жандарға беріледі. Мемлекеттік қызметкер Ханзада Түгелбаева талай жылдан бері пәтер жалдап күнелтуде. Тұрғын үй алу үшін кезекке де тұрып қойған.
Ханзада Түгелбаева, қала тұрғыны: - Кезекке тұрғаныма бес жыл болды.Тізімде 143-орында болыппын.Жыл соңында Қараша айына дейін үй береміз,деп уәде етіп отыр. Бұйыртса ол күн де алыс емес сияқты. Элиталы мөлтек аудан Тұраннан береміз деп отыр. Баспаналы болатыныма сене алар емеспін.
Қалалық тұрғын үй бөліміндегілердің айтуынша бұрындары пәтер алу үшін 20 жылдап кезекке тұратын. Бұдан былай бұл көрсеткіш біртіндеп қысқара бермек. Өйткені еліміздегі ірі қалалар үштігіне енген Шымкентте тұрғын үй құрылысы мықтап қолға алынған. Соның арқасында бір ғана өткен жылы түрлі бағдарламалар аясында үш жарым мың пәтер ел игілігіне берілген. Биыл бұдан да жоғары болмақ.
Айсұлу Есжанова, қала тұрғыны: - Біз үйімізді былтыр ғана алдық. Мен өз баспанамның кілтін алған ол күнді өмір бақти ұмытпаймын. Сол сәтті мен 16 жыл тостым. Жалғыз басты ана ретінде алдым. Қазір үш баламмен кең даңғарадай үш бөлмелі үйде тұрып жатырмыз.Өткен күндер ұмыт болды.
«Қала аумағындағы құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұдан да ауқымдырақ жүргізілетін болады»,- дейді мамандар. Оған қоса жалға берілетін тұрғын үйлерді халықтың баспанаға мұқтаж тобын анықтап бөліп беретін арнайы қоры да құрылмақ.
Жұлдызай Ордабекова, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі: - «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әлеуметтік мұқтаж жандарға арналған баспаналар көптеп салынбақ. Мемлекет есебінде болатын ол үйлер тек жалға ғана беріледі. Оны сатып ала алмайды. Бұл жерде бір ескеретін жағдай бар мемлекеттік және бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер сатып алу құқығын алуы мүмкін.
Жалға берілетін үйлер салынатын жер қаланың солтүстік аумағынан бөлінген. Одан бөлек басқа да бағдарламалар бойынша жаңа үйлер қарқын алған. «Тұрғын үй бөліміндегідердің жүргізген талдауына қарағанда қалада пәтер кезігінде тұрған азаматтар саны соңғы екі жылда 130 пайызға артқан. Сондықтан құрылыс қарқынын бәсеңдетуге болмайды»,- дейді мамандар.
Ақпарат көзі: 24.kz