Бүгін Талдықорғандағы «Жетісу» орталық стадионында Спорт күні аясында «Жетісу» футбол орталығының тәрбиеленушілері мен футбол клубының негізгі құрамы арасында жолдастық кездесу өтті. Жас өспірім футболшылар командасы құрамында облыс әкімі Амандық Баталов ойнады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Облыс әкімі ойын алдында «Жетісу» кәсіби футбол клубының күрделі жөндеуден өткен жатақханасында болып, құрылыс жұмысының сапасын тексерді.
Осыдан кейін өңір басшысы А. Баталов салтанатты шараға қатысушыларды Спорт күнімен құттықтап, облысымызда спорттың дамуы жайына аз-кем тоқталып өтті.
Құттықтау сөзінен кейін өңір басшысы балаларға 200 футбол добын табыстады.
«Жетісу» футбол орталығының жас тәрбиеленушілерінің атынан Бағдәулет Әмірсенов сөз сөйлеп, балалардың сүйікті ісімен айналысуына қажетті мүмкіндіктердің жасалып жатқандығы үшін өңір басшысына алғысын білдіріп, 7 нөмірлі футбол формасын сыйлады.
Осыдан кейін көптен күткен жолдастық кездесудің басталғандығы туралы төрешінің ысқырығы естілді. Тартысқа толы өткен ойын көрермендерге де, ойыншылардың өздеріне де ұнады. Ойын өткір шабуылдарға толы болды. Жас футболшылар футбол орталығында осы күнге дейін алған білімдерін іс жүзінде көрсете білді. Ойын футбол орталығы тәрбиеленушілерінің пайдасына 4:1 есебімен аяқталды.
Естеріңізге салар болсақ, Облысымызда бүгінде 22 стадион мен 870 астам футбол алаңдары спорт сүйер азаматтардың игілігіне қызмет етуде.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі