Шымкенттіктер де Конституция күнін жоғары деңгейде атап өтіп жатыр. Таң атысымен басталған мерекелік шаралар қаланың барлық саябақтарында жалғасуда. Жалпы оңтүстіктің еңбекқор халқы үшін бұл мерекенің орны бөлек.
Өйткені Ата Заң түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің тағдырын бір арнаға тоғыстырып, азат елдің бейбіт жолмен өркендеуіне негіз болды. Сондықтан көпшілік бұл мерекеге ерекше дайындалады. Қала мен аудан, тіпті ауыл орталығындағы көшелерге Ата Заңымызды дәріптеген қанатты сөздер ілінген. Түрлі түсті жалаулар көшеге көрік беріп тұр. Бұның барлығы – жастарға рухани азық боларлық дүние. Орталық саябаққа жиналған жұрттың жүзінен шуақ нұры сезіледі.
Бірін-бірі мерекелерімен құттықтап жатыр. Өйткені осыдан 22 жыл бұрын көпұлтты қазақ халқының таңдауымен қабылданған Конституциямыз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өміршеңдігін дәлелдеді. Тіпті өзгелер санасатын дәрежеге жеттік. «Мұның барлығы бір шаңырақ астына сыйыса білген көпұлтты халықтың ауыз бірлігінің арқасы», – дейді оңтүстікқазақстандықтар. Оған қоса адамзат құндылықтарын ескерген басты құжат бөлінуді білмейтін қазақ жұртының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік берді.
Осылайша таңертеңнен бері орталық саябаққа жиналған көпшілікке өнер ұжымдары сазды әуендерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара жалпы қаладағы басқа да саябақтар мен аудан-ауылдарда да өз жалғасын тауып жатыр. Кешке өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұсынылмақ. Ынтымағы жарасқан оңтүстік жұрты Ата Заңымыздың тұғыры биік болсын деп тіледі.
Ақпарат көзі:24.kz